Қазақстанда биыл қолға алынған 10 ұлттық жобаның жүзеге асуы қалай бақыланады және оған кім жауапты? Бұл сұраққа еліміздің Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық жобалардың жүзеге асу барысын Ұлттық жобалық кеңсе қадағалап, мониторинг жүргізеді. Жобалық кеңсенің арнайы ақпараттық жүйесі жасақталды, мониторинг сол жүйе арқылы жасалады. Осыған дейін мемлекеттік бағдарламалардың іске асыру барысына жылына бір рет мониторинг жүргізілсе, ұлттық жобалардың жүзеге асуы жүйелі бақылауда болады», - деді Ә. Ерғалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, ұлттық жобалардың іске асу барысын қадағалауға Ұлттық статистика бюросы да тартылады.
«Ұлттық статистика бюросы жобалардың жүзеге асуы бойынша сауалнама жүргізеді. Сауалнама сұрақтарының мәні жобалардың маңызы мен оның беретін пайдасы туралы болады. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдар жауапты ұлттық жобасы бойынша жұмыстың қалай істеліп жатқаны біліп отырады. Және осал тұстары байқалса тиісті шара қабылдайды», - дейді ол.
Одан бөлек, ведомство басшысы ұлттық жобалардың орындалуына кім жауапты екенін айтты.
«Әр ұлттық жобаға жауапты министрлік бар, яғни министрдің нақты бір орынбасары тікелей жауапты болады. Әрине, бұл министрді жауапкершіліктен босатпайды. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан тағайындалған арнайы кураторлар бар. Премьер-Министрдің орынбасарлары. Олар апта сайын есеп беріп, ұлттық жобаның оңтайлы жүзеге асуын назарда ұстайды», - деді еліміздің бас экономисі.