19 қаз, 2021 сағат 20:27

Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражатты бақылайтын комиссия құрылады


ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген 10 ұлттық жобаны жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың игерілуін бақылайтын арнаулы комиссия құрылады. Бұл жайында TALAP.Talks алаңында сұқбат берген ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Естеріңізде болса, 2008-2009 жылдары жаһандық қаржы дағдарысы болған кезде Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінген болатын. Барлық уақытта да арнаулы комиссия құрылды. Оны әдетте Есеп комитетінің төрағасы басқарып, оның жұмысына барлық құқық қорғау органы, реттеушілер, Қаржы министрлігінің өкілдері қатысты. Мұны қадағалап отыру өте маңызды. Аталған қаржының пайдалануын, тиімді пайдалануын қадағалау маңызды екендігі сөзсіз. Сондықтан бөлінген қаржаттың пайдалануын бақылау жөніндегі мұндай комиссия жылдың соңына дейін құрылады», - деді Қайрат Келімбетов. 

Оның атап өтуінше, Ұлттық жобаларға жұмсалатын бюджет қаражатының басым бөлігі мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері аясында қарастырылған.