2025 жылға дейін Қазақстанда 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Су ресурстарын басқарудағы басты міндет – қоршаған ортаның, халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері арасында тепе-теңдік құру. Бұл жағдайда халық пен қоршаған ортаның өмір сүру жағдайларын сақтау және жақсарту үшін суды пайдаланудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы жағдайларын іске асыру қажет. «Суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру» міндеті аясында 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км3 қысқарту жоспарлануда», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында суармалы жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту бойынша іс-шаралар қарастырылған.
«Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарлануда. Биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталып жатыр, қалғандары бойынша ТЭН немесе ЖСҚ әзірленуде», - деді С. Брекешев.
Экология министрлігі экожүйелердің қажеттіліктерін ескерместен суды пайдалану қоршаған ортаның тозуына әкелетінін еске салды. Бұл ретте қолайсыз салдарларды жоюға арналған қаржылық шығындар олардың алдын алу жөніндегі шараларға арналған шығындардан жоғары болып отыр.
«Осыған байланысты еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау міндеті қойылған. Мәселен, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін және Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдерін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды іске асыру жоспарланған», - деді министр.