05 қыр, 2024 сағат 09:21

Ұлттық ұлан бас қолбасшысы орынбасары пара алу кезінде ұсталды

Фото: Stan.kz

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары Константин Воронкин ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

"Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы орынбасарының заңсыз әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын растайды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар Ішкі істер министрлігімен бірлесе тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Министрлік өз қатарындағы сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне төзбеушілік туралы өзінің принципті ұстанымын білдіреді. Осыған байланысты қолданыстағы заңнама шеңберінде объективті және жан-жақты тергеу жүргізіледі", – делінген хабарламада. 


Ұлттық ұланның сайтында, Константин Воронкиннің Ұлттық ұлан бас қолбасшысының техника мен қару-жарақ жөніндегі орынбасары екені жазылған. Ол бұл қызметке 2020 жылдың 24 қарашасында тағайындалған. Ол Шымкент қаласында туған, 53 жаста.

Өзбек Социалистік Кеңестік Республикасы Жоғарғы Кеңесі атындағы Самарқанд жоғары әскери автокөлік командалық училищесін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетін, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы Академиясының жоғары академиялық курстарын аяқтаған.

2020 жылдың 24 қарашасынан бастап Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысы Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаевтың ұсталғаны хабарланған еді. Алматы облыстық прокуратураның хабарлауынша, Іле ауданындағы қоқыс полигонын тексеру кезінде әкім сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.