ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында мәдениет саласында атқарылатын жұмыстарды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық жобаны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылады, яғни Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі қамтылады.
Ұлттық жобаның мәдениет саласы бөлігінде келесі бағыттарды қамтиды:
- «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту;
- «Ел рухы» жобасы.
Оның айтуынша, аталған бағыттар аясында келесі міндеттер алға қойылды - мектеп жасындағы балаларды мәдени тәрбиемен қамту, «Оқитын ұлт» жобасы аясында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді танымал ету.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, «Оқитын ұлт» жобасы аясында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру атты көрсеткішке сәйкес, министрлік 5 іс-шараны жүргізуді көздеді.
Бұл шаралар тұрғындардың, соның ішінде балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру мен кітап оқу мәдениетін дамытуға, отандық қаламгерлерді, соның ішінде жас ақын-жазушыларды мемлекет тарапынан ынталандыру мен қолдауға бағытталған.
Атап айтқанда, министрліктің қолдауымен 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Бір ел - бір кітап» оқу акциясы ендігі жерде жаңа форматта ұсынылады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда кітапхананың оқырмандарға ұсынатын онлайн қызметін жетілдіру мәселесі өзекті. Осыған орай министрлік Қазақстан ұлттық электронды кітапханасының қызметін жетілдіру, модификациялау және оқырмандар үшін мобильді қосымшалар арқылы электронды кітапхананы қолжетімді ету жұмыстарын жүргізеді.
Бұдан бөлек, өңірлердегі көпшілікке арналған кітапханалар «Әдеби өлкетану» жобасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Осы ретте жоба аясында әрбір өңірге тиесілі әдебиеті мен ақын-жазушыларының шығармашылығын өзге өңірлердегі оқырмандарға таныстыру және насихаттау шараларына басымдық беріледі.
Мұнымен қоса, министрлік отандық қаламгерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдан бастап «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауын ұйымдастырады.
Сондай-ақ, отандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жас ақын-жазушыларға Президенттің арнайы «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалады.