ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәдениет саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік қамтылуын жақсартуға уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әрине, саладағы ең өзекті мәселелердің бірі – мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті. «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдарының лауазымдық жалақыларына 1,75 коэффициенті түрінде қосымша ақылар мен үстемеақылар әзірлеу қажет», - деді Дәурен Абаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің айтуынша, шығармашылық жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен концертмейстерлерінің жалақы мөлшеріне де назар аудару қажет.
«Бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын. Осы күндері мен кездестірген көптеген оқытушылар, тіпті ең қиын 90-шы жылдары да өз мамандықтарын тастамаған. Солардың арқасында мәдениет пен өнерде ұрпақтар үзілісі болған жоқ», - деп атап өтті ведомство басшысы.