Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова сәуірдегі валюта нарығындағы ахуал туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық банк өкілі ОПЕК + елдері сәуірдің басында келісімге қол жеткізгеннен кейін, теңгенің оң динамикасы байқалғанын атап өтті.
«Сәуірде ұлттық валютамыз 5,2% -ға 447,67-ден 424,57-ге нығайды. Теңгенің қымбаттауы шетел валютасына деген сұранысты төмендетті. Сәуірдің екінші жартысындағы мұнай нарығының тұрақсыздығына қарамастан, мұнай сақтау орындарының жетіспеушілігіне және нарықтың арзан мұнаймен толып кетуіне байланысты валюта бағамы орташа есеппен 430 деңгейінде болды»,– дейді Әлия Молдабекова.
Көптеген кәсіпорын шектеулі режимде жұмыс істеді, бұл шетел валютасына деген сұраныстың төмендеуіне, яғни биржадағы сауда-саттықтың көлеміне әсер етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп квазимемлекеттік компаниялардың валюта нарығына қатысуын үйлестіреді. Осы тапсырманы орындау аясында ішкі нарықты тұрақтандыруға көмектесу үшін квазимемлекеттік компаниялар өздерінің валюталық түсімдерінің бір бөлігін міндетті түрде сатуды жалғастырды. Сәуір айындағы түсім 230 миллион доллардан асты», - деді ол.
Оның айтуынша, алдын ала мәліметтер бойынша Ұлттық банктің резервтері сәуірде 720 миллион долларға артып, 30,5 миллиард долларға жетті.
Қорлардың ұлғаюы негізінен алтын бағасының унцийдің 1 605-тен 1 717 долларға дейін өсуіне байланысты болып, алтын қоры 1,1 млрд доллардан 20,8 млрд долларға дейін өсті. Ұлттық банк 250 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі тазартылған алтынды Ұлттық қорға сатты.
« Ұлттық банктің резервтеріндегі және Ұлттық қордың активтеріндегі алтын портфолиосы, әсіресе осы жылдың наурыз айының екінші жартысынан бастап, сыртқы нарықтардағы жоғары құбылмалылық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», – дейді Әлия Молдабекова.
Наурыз айында байқаған нарықтардағы құлдырау қор биржасында компаниялардың активтерінің төмендеуіне соқтырды.
«Алайда сәуір айында қор нарығының жартылай қалпына келуіне, сондай-ақ алтын портфелі мен облигациялық портфельдің оң кірісіне байланысты Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1,5 млрд долларды құрады», – Ұлттық банк өкілі.
Сонымен бірге республикалық бюджеттің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сәуірде Ұлттық қордан 706 млрд теңге сомасында трансферттер бөлінді. Валюта нарығындағы трансферттерді айқындау үшін 817,5 млн АҚШ доллары сомасындағы шетел валютасындағы активтер сатылды, бұл 355 млрд теңге.
Трансферттің едәуір көлемді бөлгеніне қарамастан, Ұлттық қордың валюта активтері алдын ала мәліметтер бойынша сәуірде 1,11 млрд долларға артып, 58,6 млрд-ты құрады. Бұл өсу жоғарыда аталған инвестициялық кірістермен және Ұлттық қордағы валюталық түсіммен байланысты болды
«Біз бұрынғыдай әлемдік қаржы нарықтарындағы үрдістерді қадағалап, талдаймыз. Инфляциялық таргеттеу бойынша негізгі мандат аясында, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттері аясында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүргізуге құқылы, сондай-ақ жағдайды тұрақтандыруға бағытталған басқа шараларды қолдануға дайын»,– деп қорытындылады Әлия Молдабекова.