Ұлттық қордағы қаражатты қазiргiдей жұмсай берсек, алдағы 2-3 жыл iшiнде қордағы қаражат 56-57 млрд АҚШ доллары деңгейiне дейiн төмендеуi мүмкiн. Сондықтан бүгiнде Үкiмет Ұлттық қорды басқарудың жаңа тұжырымдамасын әзiрлеп жатыр. Құжат жыл соңына дейiн Президенттiң қарауына ұсынылады. Бұл туралы бүгiн Сенат отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев мәлiм еттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Мемлекет басшысы 2015 жылғы Жолдауында Ұлттық қор қаражатын ағымдағы шығындарға жұмсауды доғаруды талап еттi. Биылғы жылдың қыркүйегiнде үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Президент тағы да үкiмет пен ұлттық банкке қордан трансферт алуды қатаң регламенттеудi тапсырды», - дедi отырыста депутат Дулат Құсдәулетов.
Бiрақ, оның айтуынша, соңғы бес жылда республикалық бюджет кiрiсiнiң құрылымында салық түсiмдерiнiң орнын Ұлттық қор трансфертiмен толтыру байқалып отыр. Осылайша, 2011 жылы Ұлттық қор трансфертi бюджет кiрiсiнiң 30 пайызға жуығын құраса, 2016 жылдың нақтыланған бюджетiнде оның үлесi 42 пайыздан асады. Бұл ретте бюджеттегi салық түсiмдерiнiң үлесi бар болғаны 52 пайызды құрап отыр.
«Осылайша, 2016 жылғы бюджеттiң кiрiс бөлiгiнiң жартысына жуығы Ұлттық қор қаражаты есебiнен қалыптасқан. Сөйтiп, Үкiмет бюджеттi толтырудың тиiмдi жолдарын iздеудiң орнына, ағымдағы мәселелердi шешу үшiн Ұлттық қор қаражатын пайдаланып жатыр. Бiз мұндай жағдаймен келiсе алмаймыз, өйткенi қордағы қаражатты жұмсап жатырмыз. Осы ретте қандай iс-шаралар қабылдауды көздеп отырсыздар және осы жағдайда Ұлттық қордағы қаражат қанша уақытқа жетедi?», - деп сұрады депутат Ұлттық экономика министрiнен.
Қуандық Бишiмбаев бұл мәселенiң өзектi екенiн мойындады. Оның сөзiнше, бұл жағдай мұнайдың әлемдiк бағасының өзгеруiне орай 2015, 2016 жылы республикалық бюджет кiрiстерiнiң төмендеуiне байланысты қалыптасқан.
«Биылғы жылға Ұлттық қордан алынатын кепiлдендiрiлген трансферт көлемiн төмендетiп, 454 млрд теңгенi қорға қайтарамыз. Келесi жылы Ұлттық қордан тартылатын мақсатты трансферт көлемiн де азайтамыз. Өкiнiшке қарай, қазiргi уақытта Ұлттық қор қаражатынан толығымен бас тарта алмаймыз. Бiрақ 2017, 2018, 2019 жылдары бюджет шығыстарын бiрiздендiрiп, Ұлттық қордан тартылатын қаражат көлемiн азайтамыз. Жыл соңына дейiн Президент қарауына Ұлттық қорды басқарудың жаңа тұжырымдамасын ұсынамыз. Бұл құжатта алдағы үш жылдағы бiздiң жоспарымызды жүзеге асырудың нақты тетiктерi болады», - дедi ол.
Министрдiң айутынша, егер қазiргi жағдай өзгермесе, шын мәнiнде Ұлттық қордағы қаражат азайып, қордың баланстық көлемi 2-3 жыл iшiнде 56-57 АҚШ доллары деңгейiне дейiн төмендеуi мүмкiн.
«Сондықтан бiздiң мiндетiмiз бұған жол бермеу болып отыр. Барлық шығыстарымызды есептеп жатырмыз. Жыл соңына дейiн жаңа тұжырымдаманы Президент Әкiмшiлiгiне ұсынамыз», - деп сендiрдi Қ.Бишiмбаев.