Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі артқанын және шикізаттық емес кіріс көздерін іздеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Ұлттық қор жинақтау режимінен тұтыну режиміне өтті. Жыл сайын Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі өсіп келеді. 2020 жылы ол бюджет кірісінің 40%-ын құрады. Биыл бұл көрсеткіш 36% болады», - деді Тоқаев.
Президент мемлекеттік міндеттемелер көлемі өсіп жатқанын еске салды – дағдарыс кезінде бұл сөзсіз болады. Орта мерзімді перспективада шикізаттық емес кіріс көздерін іздеу қажет.
«Қазіргі уақытта экспорттық кедендік баждар тек мұнай мен мұнай өнімдеріне ғана белгіленген. Бірқатар басқа шикізат пен аралық тауарларға баға конъюнктурасы жақсарды. Үкіметке экспорттық кедендік баждар қолданылуы мүмкін тауарлардың тізбесін кеңейту мүмкіндігін талдау тапсырылады. Бұл ішкі нарыққа жеткізілімдерді ынталандыруы мүмкін. Яғни құрылыс материалдарының бағасы мәселесін, өңдеу өнеркәсібін қолжетімді шикізатпен жүктеу мәселесін шешуге көмектеседі. Ұсыныстар мен есептеріңізді дайындаңыздар, содан кейін нақты шешім қабылданады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.