23 қыр, 2021 сағат 19:12

Ұлттық қор қаражатына қойылатын шектеу қашан қабылданады?


ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Үкімет үйінде өткен брифингіде Ұлттық қордан алынатын тарнсферт көлемін шектейтін норманың қашан қабылданатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы мемлекет қаржысын басқару тәртібін бір құжатқа шоғырландыруға бағытталған. Бір жағынан борыш жағы, басқа да бағыты қауіпсіз деңгейде болғаны керек. Екінші жағынан бюджет тәртібін көтеру керек. Нақты айтсақ, Ұлттық қордан алынатын трансферттерді азайту қажет. Оны сақтап, көлемін ұлғайту үшін керек бұл. Бюджет тапшылығы мен борыш мөлшерін де төмендету керек. Бюджет қаражатын игеру мен жоспарлаудың тиімділігін арттыру қажет. Осы мәселелердің бәрі мемлекет қараражатын басқару жөніндегі тұжырымдамада көрініс табады», - деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. 

Оның айтуына қарағанда, бұл жұмысты Ұлттық экономика министрлігі үйлестіруі керек. 

«Тұжырымдама жобасы қазірдің өзінде дайындалып, қажетті есептері жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстың бәрі жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы алғанда, тұжырымдама 2030 жылға дейін арналған. Ұлттық қор қаражатын қолдануды шектеу бағытында бюджет ережелерін жеделдету бойынша айтсақ, ондай норма дайындалып қойды. Қазір Парламенттің қарауында жатыр. Бюджет кодексі жыл соңына дейін қабылданады деп үміттенеміз. Ол норма Ұлттық қордан трансферт тарту көлемін қорға түсетін болжамды кіріс көлемінен арттырмай шектейді», - деді Әлихан Смайылов.