Ұлттық қор қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы COVID-19 пандемиясынан туындаған қатаң шектеу іс-шараларымен және мұнай бағасының рекордтық төмендеуінен сипатталатын дағдарыс жағдайларында жүзеге асырылды. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша қабылданған іс-шаралардың арқасында Үкімет Қазақстан экономикасының елеулі құлдырауының алдын алуға және сыртқы күйзелістердің салдарын азайтуға қол жеткізді. Ұлттық қор ел үшін «қауіпсіздік жастығы» рөлін тағы да орындады», - деді комитет төрайымы.
Дегенмен, оның атап өтуінше, әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу және Ұлттық қор қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет.
«Мұнай-газ секторына деген тәуелділік төлем балансының жай-күйінің нашарлауын және ұлттық валютаның тұрақтылығы тәуекелін тудырады. Кәсіпкерлікті, әсіресе, өнеркәсіпті қолдауға айтарлықтай күш-жігер жұмсалуы тиіс», - деді Наталья Годунова.