Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының елордалық департаментімен «КТЖ» ҰК» АҚ еншілес компаниясы – KTZ Express АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді.
«Аталған компаниялардағы лауазымды тұлғалар шетел компаниясының 1 млрд теңге көлеміндегі дебиторлық қарызын заңсыз есептен шығару арқылы өкiлеттiктерін терiс пайдалануда күдікті деп танылып отыр. Бұл заңмен қорғалатын мемлекет мүддесіне елеулі зиян алып келген. Ұлттық бюро департаментінің араласуынан кейін аталған сома қалпына келтірілді және «KTZ Express» АҚ шотына дебиторлық қарыз ретінде есептелді. Тергеу жалғасуда», - деп айтты Бердалин.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қорғаныс мемлекеттік материалдық резервтік комитеті төрағасының лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісі анықталды.
Ал «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшысы ЖШС пайдасына офистік және жертөле үй-жайларын беру туралы қосымша келісім жасасу және тұрғын үй кешенін кәсіпорын теңгеріміне қабылдау-тапсыру актісіне қол қою үшін ЖШС директорынан тұрғын үй кешенінде 2 пәтер түріндегі және 60 мың АҚШ доллары сомасындағы пара алу фактісімен ұсталды.
Қызылорда облысы бойынша департаментімен Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы – облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қарамағындағы аудандық бөлімшелер басшыларынан 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі сомада жүйелі негізде пара алған.