Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рақымбеков Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысы өтті. Президент түрлі салалардағы мәселелерге қатысты егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл тұрғыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің осы уақытқа дейінгі зор үлесі туралы айтылды. Шынымен де Кеңес билік пен азаматтық қоғам арасында диалог алаңына айналды. Екі жыл ішінде Ұлттық кеңес мүшелерінің бастамалары бойынша 90-нан астам нормативтік-құқықтық акті қабылданған. Соның арасында Заңдар, Президент Жарлығы мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары қамтылып отыр. Мемлекет басшысы реформалардың басты мақсатын түсіндірді. Бұл ретте бірқатар маңызды бастамаларды көпшілік назарына ұсынды», - Төлеутай Рақымбеков.
Осы орайда ол бүгін Президент тарапынан елді мекен әкімдеріне қатысты маңызды ұсынымдар болғанын жеткізді.
«Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы білім беру саласындағы мәселелерге қатысты тапсырмалар берді. Бұл бағытта 2025 жылдың соңына дейін 1 мың мектеп салу туралы тапсырмасына тоқталды. Мемлекет басшысы тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша және басқа да әлеуметтік нысандардың салынуы айрықша назарда болуы керек екенін қадап айтты. Қазіргі құрылыс қарқынын ескерсек, бұл мәселе өте өзекті», - деді Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі.
Оның айтуынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында цифрландыруға байланысты мәселелер назардан тыс қалмады. Президент ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ екенін сынға алды. Осының салдарынан тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама қажет етеді. Биыл халыққа қызмет көрсету орталықтары осындай 2 миллионнан астам құжат берген.
«Мұнымен қоса, Президент банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Сонымен қатар, қандастарымыздың өз атажұртына оралу мәселесі туралы Елбасы бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдағаны белгілі. 30 жыл ішінде 1,5 млн-нан астам қазақ Қазақстанған келді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлы көштің басталуына жол ашқан датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін қарастыруды жүктеді», - деді Төлеутай Рақымбеков.
«Президенттің тағы бір маңызды тапсырмасы шекаралас аймақтарды дамытуға қатысты болып отыр. Өйткені бұл тақырып ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты. Маман ретінде бұл мәселе мені де алаңдатып жүрген еді. Өздеріңіз білесіздер, шекара бойындағы елді мекендерден тұрғындар қоныс аударып жатыр. Сондықтан осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Үкіметке шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі ұсыныс енгізуді жүктеді», - деді сарапшы.