Коллаж: Ult.kz
Соңғы кездері еліміздің Бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Үкімет басшысының атына жолданған ұлттық қауіпсіздік, бақылаусыз қалған идеология саласына қатысты депуттаттық сауалдар жиілей бастады. Бұған әлеуметтік желідегі желдей ескен жағымсыз контенттер себеп болып отыр. Онда кім көрінген ұлттық құндылықтарымызды аяқ асты етіп, тіпті Мемлекеттік туымызды да қорлауды доғарар емес.Көк туымызды қорлаушылардың не ойлағаны бар?
Осындай олқылықтарға бейжай қарамай, Мәжілістің кезекті жалпы отырысында бір емес, бірнеше депутат елді алаңдатып, қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерді көтерді. Ермұрат Бапи Премьер-Министр Олжас Бектеновке, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында қор болып жүрген мемлекеттік рәміздер туралы күйіп тұрған мәселені қозғады.
Е.Бапи интернет ресурстардан және қоғам ортасынан жиі байқалып жүргендей, ұлтымыздың қастерлі мұраларына, мыңдаған жылдық салт-дәстүрлерімізге шабуыл толастамай тұрғанын айтты.
«Өткен жылы жат діни ағымның жетегінде кеткен біреулер «Домбыра – харам» деп, қазақтың ең құнды музыкалық аспабын іске алғысыз еткісі келсе, тағы бір елірген тобыр басына сәукеле киіп, көшпенді халықтық ғасырлар бойғы баспанасы – киіз үй ішінде жартылай жалаңаштанып, жынойнақ бимен қоғамның ашуын туғызды.
Енді міне, ең сорақысы – мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – Көк туымызды қорлаушылар бой көрсетті. Жуырда ғана Атырауда болған оғаш оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, азаматтардың ашу-ызасын тудырып отыр», – деді Е.Бапи.
Еске сала кетсек, жуырда ғана бет-ауызын тұмшалап, қара жамылған төрт әйел мұз айдынында өткен спорттық жарыс кезінде еліміздің Мемлекеттік туын ұстап түскен сурет әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кеткен еді. Олардың қолындағы мемлекеттік тудың бетіне араб жазуы мен соларға тән қылыштың сұлба-суреті салынған.
«Бұл – жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес. Бұл – біздің қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық», – деді депутат.
Ол мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығының қастерлі символы саналатын туды бөтен белгілермен, әлдебір жат мазмұндағы жазулармен бүлдіру – заңға өрескел қайшы және қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін әрекет деп бағалады.
Ең сорақысы, Мәжіліс депутаты осындай түр-түсі бұрмаланған Қазақстан туы Wildberries Russ маркетплейсінде 5000 мың теңгеден еркін және ашық саудада сатылып жатқанына тоқталып, бұған кім жол беріп отыр деген сауал тастады.
Осыны ескере отырып, жауапты мекемелер тиісті шараларды шұғыл қолға алуды ұсынды.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдары орын алған жағдайды жіті тексеріп, арандатушылыққа алданған төрт әйелдің артында тұрған күштерді, жалған туды дайындаушыларды, оны таратушыларды анықтап, мұндай қастандықтың жолын кесу үшін ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолдануы тиіс», – деді Ермұрат Бапи.
«Демокартиялық үрдістердің» атасына нәлет!
Ал Премьер-Министрдің орынбасары Ерік Көшербаевқа жолдаған сауалында депутат Жанарбек Әшімжанов соңғы жылдары әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызға жат құбылыстарды, ЛГБТ-ны насихаттайтын ұйымдардың белсенді әрекеті иманымызды үйіріп, жанымызды шүберекке түюге мәжбүрлеп жатқанын атап өтті. Әсіресе, депутат олардың TikTok, өзге де платформалар арқылы өскелең ұрпақты азғындыққа үгіттеп жатқанына қынжылды.
«Жастарды аздырып, отбасын ойран етуді көздейтін бұл ұйымдардың жымысқы әрекеттері сырттан, яғни шетелдерден қаржыландырылып отыр. Олар бұл бағытта жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға түрлі гранттар беру арқылы еліміздің ішкі ісіне араласып, ұлттық болмысымызға жат дүниелерді таратып жүр. Осылайша, қоғамды іштен ірітіп, мемлекетімізге қауіп төндіріп келеді», – деді Ж.Әшімжанов.
Депутаттың айтуынша, «Феминита» дейтін ұйым мектеп оқушыларының чатына «жыныстық қатынасқа баулитын, қалай гомосексуалист, лесбиянка болу жолдарын үйрететін іс-шараға» шақырулар таратқан екен.
«Қазіргі таңда осындай ұйымдарды асырап келген USAID-тың жұмысы тоқтағанымен, батыс елдерінен келетін өзге де қаржыландыру көздері тыйылмай отыр. Сондықтан мұндай ұйымдардың жұмысын мұқият тексеріп, заң аясында қатаң шара қолданып, мүлдем тосқауыл қоятын кез жетті.
Бұл мәселені осыған дейін де әріптестерім Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауал жолдаған болатын. ЛГБТ насихатына заңмен тыйым салуға да бастамашылдық еттік. Алайда бұл Үкімет тарапынан қолдау таппай келеді», – деді мәжілісмен.
Былтыр бастамашы азаматтар ЛГБТ-ға қарсы жариялаған петицияға екі аптаның ішінде 50 мыңнан астам адам дауыс берген еді. Алайда қоғамның бұл талабы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ішінара ғана қолдау тауып, зерттейміз дегенмен ғана шектеліп отыр.
Оқи тырыңыз: Балаға білім ғана емес, ұлттық тәрбие де берілуі тиіс – маман пікірі
«Ұрпағыңды аздыратын, дәстүріңді тоздыратын, алауыздықты қоздыратын, рухыңды сындыратын, сөйтіп елдігіңді тындыратын «демокартиялық үрдістердің» атасына нәлет!», – деген Ж.Әшімжан бүкіл әлеуметтік желілерді қатаң сүзгіден өткізіп, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында ұлттық дәстүріміз бен дүниетанымызға жат құбылыстарды насихаттайтын азғын ақпараттарға тосқауыл қоюды ұсынды. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің ЛГБТ қозғалысының кәмелеттік жасқа толмағандарға әсері туралы зерттеуін аяқтап, жариялауды талап етті.
Іштен іріткі салатын сыртқы күштердің көксегені не?
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин де өзекті өртеп бара жатқан өткір мәселеге назар аударыпты. Соңғы кездері белең ала бастаған ЛГБТ сынды субмәдениеттердің қоғамды азғыру әрекеттерінің артында сыртқы күштер тұрғанын жеткізді.
«Геосаясаттағы доминант мемлекеттер өзінің жеке мүддесі мен саяси ықпалын жүргізіп қана қоймай, оны іске асыру үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып келді. Мысалы, мемлекеттердің ұлттық құндылықтарын жоюға бағытталған әсірефеминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар арнайы, жоспарлы түрде миллиондаған АҚШ долларымен қаржыландырылды», – деді Е.Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, олар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салған.
«Дегенмен соңғы кезде АҚШ билігі өз ішкі және сыртқы саясатын қайта қарап, тіпті Конгресте Халықаралық даму агенттігінің, яғни USAID-тің жұмысы тоқтатылатыны туралы мәселе қаралып жатыр. Соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан астам қаражат бөлініпті», – деді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте, депутат елімізде ішкі саясатты іске асыратын, оның бағыт-бағдарын анықтайтын билік институттары бар екенін атап өтіп, еліміздің ішкі ісіне, ұлттық идеологиясына, рухани-мәдени дүниетанымымызға, яғни ішкі саясатымызға сыртқы күштердің араласуына жол бермей, заң аясында батыл жауап бере алатынымызды қадап айтты.
«Мәселен, АҚШ, Қытай, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер ішкі саясаттарына өзгелердің араласуына жол бермейтін заңдар қабылдаған. Осыған байланысты Үкімет тез арада қатаң шараларды қолға алуы керек», деген Е.Жаңбыршин біраз ұсынысын ортаға салды.
Ең алдымен, Қаржы министрлігі мен тиісті мемлекеттік органдарды іске қосып, еліміздің ішкі саясатына араласуға бағытталған сырттан құйылған қаржыны анықтап, тиісті шара қабылдау қажеттігін айтты.