18 қар, 2021 сағат 11:48

Ұлттық экономика министрі 3 жылдық бюджет шығыстарын жария етті


2022 жылы республикалық бюджет шығыстары 15,9 трлн теңге болады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 2022 жылы 3,3 пайыз деңгейінде, кейіннен 2024 жылы 2,5 пайызға дейін төмендеумен болжануда. Орта мерзімді кезеңде контрциклдық саясат аясында мұнай емес бюджет тапшылығы деңгейін жалпы ішкі өнімге қатысты 2022 жылы 8,1 пайыздан 2024 жылы 6,3 пайызға дейін төмендейді», - деді «Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы» және «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы туралы баяндаған министр. 

Оның атап өтуінше, республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы - 15,9 триллион теңге, 2023 жылы – 15,6 триллион теңге және 2024 жылы 16 триллион теңге көлемінде болжанып отыр. 

«Жалпы үш жылдық бюджет жобасын қалыптастыру мемлекеттік жоспарлау жүйесін трансформациялау жағдайында жүзеге асырылды. Жылдың басында қабылданған жалпыұлттық басымдықтар мен елдің дамуының ұлттық жоспары бюджет саясатының басымдықтарын айқындады. Мемлекеттік органдардың қаржылық қажеттілігіне олардың дамыту жоспарларының мақсаттары мен нысаналы индикаторларына сәйкес басымдық берілді», - деді Әсет Ерғалиев.