Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары 400 мың еуро параның бір бөлігін алды деген күдікке ілікті. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, 2018 жылғы 3 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары ұсталды.
«Ол мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылып жатқан құны 4,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба бойынша жалпы қамқорлығы үшін құрылыс компаниясы өкілінен келісілген 400 мың еуро пара сомасы бөлігінің 115 мың еуросын алды деп күдіктелуде», - деді Жанна Бастарова.
Ресми өкіл Ақтау қаласының мамандандырылған тергеу сотымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғанын атап өтті.
«Тергеу жалғасуда», - деді ол.