04 жел, 2020 сағат 11:05

Ұлттық банктің саясаты түсінбестік тудырады – Мырзахметов

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес үшін кредиттерді қолжетімді ету үшін базалық ставканы төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

"Өкінішке қарай, Ұлттық банктің саясаты түсінбестік тудырады. 2016 жылы ЖІӨ-дегі кредиттердің үлесі 36% болған еді. Ал қазір несиелеу үлесі – 19%. Біз Еуразиялық экономикалық одақта ең соңғы орындардың бірінде тұрмыз. Ресейде бұл көрсеткіш 40 проценттен асады, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерін, тіпті, айтпай-ақ қояйын. Инфляциялық мәселелердің жартысы монетарлық емес, біздің импортқа тәуелділігіміз бен тарифтің өсуі екенін түсінеміз", - деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов сенатта өткен парламенттік тыңдауда. 

Айтуынша, ақша-несие саясатын реттеп, базалық ставканы төмендету керек. Сондай-ақ, Мырзахметов екінші деңгейлі банктер негізгі рөл атқаруды қойған деп отыр. Бүгінде банктердің портфелінде тек 43%-і ғана кредиттер, қалғаны қазыналық және басқа операциялар.

"Банктер өзінің басты рөлін атқаруды қойды. Сол себепті базалық ставканы төмендету қажет деп есептейміз", - деді ол. 

Бұған дейін сенат депутаты Дәурен Әділбеков банктердің мемлекеттің көмегінсіз шағын және орта бизнеске кредит беруге құлықсыз екенін мәлімдеген еді. Айтуынша, қазақстандық бизнеске кредит қажет. Ол үшін Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуі керек. Алайда, Ұлттық банк бұл инфляцияның өсуіне әкеп соғады деп санайды.