12 сәу, 2022 сағат 12:32

Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 1,2 миллиард долларға төмендеді

Фото:elements.envato.com

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов жыл басынан бері банктің алтын-валюта активтері 1,2 миллиард долларға азайғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, банктің жалпы халықаралық резервтері 2022 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша 85,9 миллиард доллар.

"Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банктер шоттарындағы қалдықтардың азаюы және сыртқы қарыз бойынша төлемдер есебінен 1,2 миллиард долларға азайып, 33,2 миллиард долларды құрады", - деді Пірматов.

Ұлттық қордың активтері - 52,7 миллиард доллар.

"Республикалық бюджетке 1 трлн 36 миллиард теңге көлемінде трансферттер бөлу мақсатында 2022 жылдың бірінші тоқсанында 2,1 миллиард долларға валюталық активтер сатылды.

Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсетін түсімдер жыл басынан бері 1 059 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге жуық өсті, оның ішінде валюталық түсімдер 1,9 миллиард долларды немесе баламада 845 миллиард теңгені құрады", - деп хабарлады Ұлттық банк басшысы.