05 мам, 2021 сағат 19:40

Ұлттық банк төрағасы Тоқаевқа жылдық инфляцияның өсімі туралы айтты


Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысына биылғы 4 ай ішіндегі ақша-кредит саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары, коронавирус пандемиясының үшінші толқыны кезіндегі әлемдік экономиканың даму перспективалары, сондай-ақ, әлемдегі инфляцияның өсуі мен басқа да инфляциялық мәселелер туралы есеп берілді. 

Президентке осы жылдың сәуір айында Қазақстандағы жылдық инфляция мен оның сұранысты қалпына келтіруге қатысты азық-түлікке жатпайтын бөлігіндегі үдеу қарқыны жайында баяндалды.

Сонымен қатар Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы төлем балансына берілген алдын ала баға туралы және биылғы 4 айдағы алтын валюта қорының ұлғаюы мен Ұлттық қордың активтерін басқару жөнінде айтты.

Бұдан бөлек кездесуде Мемлекет басшысына биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономиканы несиелендіру және депозиттер көлемінің өсімі жайлы мәлімет берілді, сондай-ақ, азаматтарды зейнетақы жинақтарының жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан қосымша шаралар сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.