Сыртқы нарықтарда құбылмалылық әлі сақталып отыр: АҚШ ФРЖ мөлшерлемені көтеруге белсенді түрде кірісті, ал геосаяси тәуекелдер әлемдік экономиканың келешегіне қысым көрсетіп жатыр. Осыған қарамастан, сәуір айында ұлттық валюта бағамы айтарлықтай қалпына келді. Теңгенің оң динамикасына қандай жағдай ықпал етіп, халықаралық резервтердің өзгеруіне нендей факторлар әсер еткені туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Әлия Мейірбекқызы, сәуір айында қаржы нарығына қандай оқиғалар әсер етті?
– Сәуір айында сыртқы нарықтарда басты екі фактордан туындаған теріс тәуекел-сентимент басым болды.
Біріншіден, өткен айда АҚШ ФРЖ өкілдері риторикасының күшеюі – мөлшерлемелердің күрт өсуін күтушілердің қатарын көбейтті. 12 сәуірде АҚШ-тағы инфляция бойынша жаңа рекордқа қол жеткізу туралы деректер наурыз айында жылдық мәнде 8,5% мөлшерінде жарияланды, осыдан кейін Дж. Пауэлл 21 сәуірдегі сөйлеген сөзінде мамыр айындағы отырыста мөлшерлемені 50 б.т. көтеру туралы мәселе қаралатынын мәлімдеді. Өз кезегінде, бұл АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуіне және АҚШ долларының сенімді түрде жаһандық деңгейде нығаюына әкелді. DXY индексі бір айда 4,7%-ға өсті.
Екіншіден, Сovid-19-дың өршуіне байланысты ҚХР-да геосаяси тәуекелдер мен қатаң карантиндік шектеулерді іске асыру салдарынан әлемдік экономика баяу дамып жатыр деген алаңдаушылық инвесторлардың тәуекел-сентиментіне қысым жасады. Халықаралық валюта қоры экономиканың өсуіне қатысты болжамды алдыңғы болжамдағы 4,4%-ға қарағанда 2022 жылы 3,6%-ға дейін едәуір әлсіретті.
Мұның бәрі акциялар нарығының динамикасына теріс әсер етті. MSCI World индексі пандемия кезеңінен (2020 жылғы наурыздан) бері ай ішіндегі ең көп төмендеу бойынша бір айда 8,4%-ға төмендеді, осылайша жыл басынан бері индекс 13,5%-ға төмендеді.
Мұнай нарығында да құбылмалылық сақталды. Егер сәуір айының басында мұнайдың стратегиялық қорларын пайдалану туралы АҚШ шешімі мен ҚХР-дың Сovid-19 өсуін тежеу үшін қатаң шаралар енгізуіне қатысты хабарлардың аясында баға түсіп, барреліне 100 АҚШ долларынан төмен деңгейге жетсе, айдың ортасында ЕО елдерінің Ресей мұнайының эмбаргосына қатысты алаңдаушылығы баға белгілеуді қалпына келтіру тұрғысынан қолдады.
ЕО елдерінің өкілдері Ресей мұнайының импортына тыйым салу мүмкіндігі қарастырылған Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы топтамасын талқылауды жалғастырып жатқанын естеріңізге сала кетейік. Алайда, дүйсенбіде Еуропалық комиссияның Венгрияға ұсынылған мұнай эмбаргосынан ветоны алып тастау үшін қысым жасау әрекеттері кезекті рет сәтсіздікке ұшырады.
16 мамырда Қытай билігі Шанхайдың ең ірі қаржы орталығында карантиндік шараларды кезең-кезеңімен алып тастау туралы жариялады. Бұл мұнай бағасының өсуіне негізгі қозғаушы күш болып қабылданды. Нәтижесінде, мамырдың басынан бастап мұнай бағасы 1 баррель үшін 112 доллар деңгейіне дейін 3%-ға өсті.
– Сәуірді қорытындылағанда теңге бағамы айтарлықтай нығайды, ұлттық валютаның динамикасына қандай факторлар әсер етті?
– Сәуірде жаһандық қаржы нарығындағы белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан, теңгенің бағамы 1 доллар үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6%-ға нығайды.
Сәуір ішінде шетел валютасына деген сұраныстың айтарлықтай төмендегені байқалды. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі сауда-саттықтың жалпы көлемі 1,9 млрд АҚШ доллары болғанда 179 млн АҚШ долларынан 92 млн АҚШ долларына дейін төмендеді.
Шетел валютасына сұраныстың төмендеуі, ең алдымен, логистикалық тізбектердің тоқтатылуы және жеткізудегі ықтимал үзілістер нәтижесінде импорттың, оның ішінде Ресей импортының төмендеуіне байланысты болды. Сонымен қатар, қазіргі жағдайды ескере келе, Ресей Федерациясының белгілі бір өнім түрлерінің экспортына шектеу шараларын қолдану жағдайында импортты басқа нарықтарға қайта бағыттауға болады, бұл белгілі бір уақытты қажет етеді.
Сыртқы нарықтарда белгісіздіктің сақталуы нарық қатысушылары белсенділігінің төмендеуіне ықпал етеді. Жалпы алғанда, нарықтағы сентимент өзгеріп, жеке тұлғалардың тарапынан сұраныс тұрақтанды, бұл да теңгенің бағамына оң әсер етеді. Теңгедегі активтерді қорғау шаралары және Ұлттық Банктің мөлшерлемені 14%-ға дейін көтеруі – қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қолдауға ықпал ететінін атап өтеміз. Геосаяси жағдай мен айырбастау бағамының құбылмалылығы аясында банк жүйесіндегі долларлану деңгейі 2022 жылғы ақпанда көбінесе бағамды қайта бағалауға байланысты 38,4%-ға дейін ұлғайды. Алайда, 2022 жылғы наурызда долларлану 36,9%-ға дейін төмендеді.
Теңгенің нығаюына әсер еткен басқа факторды айтсақ, ол – капиталды бақылау және экспорттаушылардың валюталық түсімді міндетті түрде сату бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде Ресей рублі бағамының қалпына келуі.
Сәуір ішінде ішкі валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтануы аясында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ. Сонымен қатар іргелі факторлармен бекітілмеген ұлттық валюта бағамының қысқа мерзімді ауытқулары болған жағдайда сату жағынан, сол сияқты сатып алу жағынан Ұлттық Банк валюта нарығына қатысуы мүмкін екенін атап өтеміз. Бұл ретте Ұлттық Банк теңгенің орынды түрдегі құбылмалылығын шектемейді.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы Қазақстанның валюта нарығына біраз қолдау көрсетті, олар шамамен 253 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату сәуірде 168 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 8,7%-ы болды.
Мамыр басында теңгенің бағамы 432,79 дейін нығаюын жалғастырды, осылайша жыл басынан бері ұлттық валютаның әлсіреуі небәрі 0,2%-ды құрады.
– Алтын нарығында жағдай қалай, қазір алтынвалюта активтерінің деңгейіне қандай баға беруге болады?
– Алдын ала деректер бойынша, алтынвалюта активтері бір айда 400 млн АҚШ долларына ұлғайып, сәуірдің соңындағы жағдай бойынша 33,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Резервтердің өсуі алтын портфелінің ұлғаюына және Ұлттық Банктегі Қаржы министрлігінің шоттарына қаражаттың түсуіне байланысты болды. Алтынның бағасы 1924-тен 1915 доллар/унцияға дейін аздап төмендегеніне қарамастан, алтын портфелі басым құқықты іске асыру аясында алтынды сатып алуға байланысты 200 млн доллардан астты. Оң факторлардың әсері Ұлттық Банктегі ЕДБ-ның корреспонденттік шоттарынан қаражаттың әкетілуінен ішінара реттелді.
Алтынның бағасы сәуірдің екінші онкүндігінде ең жоңғары көрсеткішке жетіп, бағытын өзгертті. Мамырдың басында бағаның төмендеуі жалғасты және қазіргі кезде үш айлық ең төмен көрсеткішке жақын саудалануда. Монетарлық саясаттың күтіліп отырған қатаңдауы аясында АҚШ долларының нығаюы, негізінен, алтынға баға белгілеуге қысым көрсетті.
– Сәуірде Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі қалай өзгерді және оған қандай факторлар әсер етті?
– Алдын ала деректерге сәйкес, сәуірдің қорытындылағанда Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 500 млн АҚШ долларына төмендеп, 52,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Алдыңғы айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде, негізінен, Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтары, сондай-ақ қорға теңгемен түсетін түсімдер есебінен 460 млрд теңге бөлінді. Оған қоса, ішкі валюта нарығында 168 млн АҚШ долларына активтер сатылды, оның баламасы 79 млрд теңге болады.
Акциялар нарығының құлдырауы, АҚШ ФРЖ мен дамыған елдердің басқа да орталық банктерінің ақша-кредит саясатын қатаңдатуы, сондай-ақ АҚШ долларының нығаюы аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл басынан бері теріс аймақта тұр. Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігінің оң болып қалатынын және құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,23%, соңғы 5 жылда жылдық 2,40% болатынын атап өткен жөн.
– Қаржы нарығындағы ахуалдың одан әрі даму келешегі қандай?
– ХВҚ әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі түзетілген есебінде Украинадағы қақтығыс салдарының шикізат тауарларының нарықтары, сауда және қаржылық байланыстар арқылы таралатынын атап өтті. Ресей тарапынан энергия тасымалдағыштар мен металды, сондай-ақ Ресей мен Украинадан бидай мен жүгері жеткізудің қысқаруы қазірдің өзінде осы тауарлар бағасының күрт өсуіне себеп болды. Осыған байланысты инфляция бойынша жаңартылған болжам дамыған елдерде 5,7% және дамушы елдерде 8,7% болды, бұл қаңтардағы болжамдардан 1,8 және 2,8 п.т. жоғары.
Әлемдік нарықтарда жалғасып келе жатқан теңгерімсіздік нарыққа қатысушылардың мұнай бойынша болжамдарды қайта қарауына да алып келеді. Мәселен, ЕО елдерінің Ресей мұнайын импорттауға тыйым салуы аясында ұсыныс тапшылығының күтілгеннен жоғары болуына байланысты халықаралық талдаушылар биылғы үшінші тоқсанда Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасы барреліне $130 дейін көтеріледі деп күтеді. Экономикалық өсудің нашарлап бара жатқан болжамдары, сондай-ақ геосаяси шиеленістің күшеюі аясында мұнайға әлемдік сұраныстың болжамы күніне бір миллион баррельге төмендеді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасының болжамы барреліне $114 деңгейінде сақталды.
Инвестициялық банктер акциялар нарығының перспективаларын сындарлы бағалауды жалғастыруда және бағалардың жыл соңына дейін өздерінің базалық сценарийлерінде қалпына келуін күтіп отыр. Мәселен, S&P 500 болжамы медианасының мәні 2022 жылдың соңында 4875 тармақты құрайды, бұл іс жүзінде биылғы жылдың басындағы индекс мәніне қайта оралуды білдіреді. Сонымен қатар, инвестициялық банктер болжамдарының сценарийі инфляцияның сенімді түрде баяулауы және экономикадағы құлдырауды болдырмау болжамдарына негізделген.
Бұл ретте ағымдағы үрдістерге байланысты кейбір талдаушылар 1980 жылдан бері байқалған төмен инфляциямен, жаһанданумен және төмен құбылмалылықпен сипатталатын нарықтар циклі мен парадигмасының аяқталғанын атап өтті. Олардың пікірінше, қаржы нарықтары инфляция тәуекелі дефляцияға қарағанда үлкен қауіп төндіретін жаңа цикл қарсаңында тұр. Сондықтан инвесторлар активтерді әртараптандыруды ұлғайтуға, оның ішінде нақты активтерге салымдардың үлесін ұлғайтуға тиіс.
Дереккөзі: Kapital.kz