Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов ұлттық валютаның кері құлдырауына қандай факторлардың әсер еткені туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, биржадағы сауда-саттықта теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы жексенбіден бері (–)0,98% әлсіреп, 421,25 теңге шамасында тұр. Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі пайда болды деген жаңалықтың салдары бар, одан қалды, осы оқиғаға байланысты сапарлар мен қозғалыстар шектелген соң мұнай бағасы құлдырап, дамушы елдердегі негізгі валюталардың әлсірегені – Қазақстан ұлттық валютасының әлсіреуіне де ықпал етті.
«Энергия тасымалдаушы нарықтарға әсер еткен қосымша жағымсыз фактордың бірі – инвесторлардың төмендейді деген болжамына қарамастан, АҚШ-тағы шикі мұнай қорының өскені туралы мәлімет болды. Соның салдарынан Brent маркалы мұнай өткен аптаның соңынан бері 5,7% арзандап, бүгінгі сауда-саттықтың азиялық сессиясында барреліне $49,26 сатылды»,– дейді Нұржан Тұрсынханов.
Шикі мұнай қоры туралы статистика бойынша, нақты тұтыну көлемі күтілген мәндерге жетпейді, болжанған мәндер ОПЕК+ елдерінің мұнайды аз өндіру мерзімін ұзарту туралы шешімінің нәтижесінде энергия тасымалдаушы нарықтарда оптимизм тудырды.
«COVID-19 вирусының жаңа штаммы табылды деген жаңалыққа байланысты әлемдік индекстерге де түзетулер енді. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің тарапынан Еуроодақ елдерінің аумағына COVID-19-ға қарсы вакцинаны пайдалануға рұқса беру туралы жедел шешім қабылданғанына қарамастан, еуропалық индекстер де 1,7–2,5% төмендеді. АҚШ-тың қазіргі президенті Д.Трамп қолдауды арттыру бағытында түзетулер енгізуге қатысты ұсыныстар қолдау таппағанын алға тартып, Конгресс мақұлдаған ынталандыру пакетіне қол қоюдан бас тартқаннан кейін АҚШ биржалары әртүрлі бағыттарда жабылды. Мәселен, NASDAQ рекордты өсім көрсетсе, Dow Jones пен S&P 500 индекстері ынталандыру пакетіне қатысты нақты шешім болмаған соң, минуспен жабылды, бұл өз кезегінде өсім үшін қосымша тәуекелдер тудырды»,– дейді спикер.
Шикізат нарықтарының құлдырауына байланысты, дамушы нарықтардың валюталары өткен аптаның аяғынан бастап төмендеп, сейсенбіде жалпы теріс мәндермен жабылды. Долларға шаққанда Бразилия реалы (–)1,6%, Мексика песосы (–)1,0%, Оңтүстік Африканың ранд бағамы (–)0,9%, Үндістанның рупиясы (–)0,7%, Түрік лирасы (–)0,5%, Үнді рупиясы (–)0,4% әлсіреді.
«Вакцинация басталды деген жаңалықтың әсерінен қарашадан бастап айтарлықтай нығайған Ресей рублі де әлсіреп, жұма күнгі (–)3,3% деңгейінен бүгін бір доллар үшін 76 рубльге дейін арзандады.Теңгенің айырбастау курсы сыртқы негізгі факторлардың ықпалымен қалыптасып, энергия тасымалдайтын негізгі нарықтар мен дамушы елдердің нарықтарына тән динамика көрсетіп отыр»,– деп қортындылады Ұлттық банк өкілі.