2021 жылдың қыркүйек айында инфляциялық күтулердің сандық бағасы бір жыл алға 9,0%-ды құрады, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Халықтың инфляцияны бағалауы жоғары қалпында қалып отыр, алайда 2021 жылдың шілде-тамызында байқалған ең жоғары мәндерден біршама төмендегені байқалады. Атап айтқанда, ағымдағы инфляцияның қарқыны жеделдейтінін және сақталатынын күткен респонденттердің үлесі 59%-ға дейін төмендеді (тамызда – 61,5%). Сауалнамаға қатысқандардың басым көпшілігі азық-түлік бағасының көтерілетінін атап өтті (85%). Тауарлар құрылымында респонденттер ет пен құс еті, нан-тоқаш өнімдері, құрылыс материалдары, киім мен аяқ киім, балаларға арналған тауарлар бағасының тез өсетінін айтты.
Қыркүйек айында тұтынушылық көңіл-күй барлық компонентте жақсарды. Халықтың тауарларды көлемдеп сатып алуға дайындығы артып, 2020 жылдың басындағы мәндерге жетті. Экономиканы дамыту бойынша қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді күтулер шектеу шараларының жеңілдеп, коронавируспен ауырғандар санының азаюынан жақсара түсті.