АҚШ доллары бағамының қарқыны Федералды резерв жүйесінің мәлімдемесіне орай өзгереді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«АҚШ доллары мен еуроның бағамына бірқатар фактор ықпал ететіні түсінкті. Олардың арасында негізгісі Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) саясатына қатысты. Бұған дейін бірнеше рет АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені ары қарай көтеретіні жайында мәлімдеген еді. Бұл өз кезегінде валюта нарығындағы ахуалға айтарлықтай әсер етіп отыр», - деді Молдабекова елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ФРЖ мөлшерлемесінің артуы доллардың нығаюына алып келеді. Бұл тұрғыда дамыған және дамушы елдердің валюталары, соның арасында еуро бағамы құбылмалы болады. Соның салдарынан бұл валюталар долларға қарағанда әлсіреп отыр.
«АҚШ доллары, еуро және басқа да валюталар бағамының алдағы қарқыны Федералды резерв жүйесінің мәлімдемесіне, сондай-ақ пайыз мөлшерлемесін көтеру қарқынына орай өзгереді», - деді ҰБ басшысының орынбасары.
Федералды резерв жүйесі қатаң монетарлы саясатты ұстанып отырғанына тоқталған ол: «Сондықтан нарыққа қатысушылардың көбісі АҚШ доллары ары қарай нығая түседі деген болжам айтып отыр», - деді.