12 сәу, 2022 сағат 10:52

Ұлттық банк наурызда қаржы нарығы неге жиі құбылғанын түсіндірді


Биылғы наурызда қаржы нарығында жоғары құбылмалылық сақталды. Бұл туралы ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Геосаяси тәуекелдердің іске асуы және АҚШ Федералды резерв жүйесінің монетарлық саясатын күшейту әлемдік қор индекстерін түзетуге әкелді. Наурыздың соңына қарай дамыған елдер акцияларының индексі 5,5%-ға төмендеп, АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 2,34%-ға дейін 83 базистік тармаққа өсті. Инфляциялық қысымның өсуіне байланысты Федералды резерв жүйесі 2018 жылғы желтоқсаннан бастап алғаш рет негізгі ставканы 25 базистік тармаққа көтерді», - деді Ұлттық банк төрағасы бүгінгі Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, биыл негізгі ставка 1,9%-ға дейін 7 рет көтерілуі күтілуде, келесі жылы 2,8%-ға дейін 4 рет көтерілуі мүмкін. 

Сондай-ақ, Федералды резерв жүйесі жақын арада өз балансын қысқарта бастайды.

«Геосаяси жағдайдың нашарлауынан және монетарлық саясаттың күшеюінен инвесторлардың қорғаушы активтерге ауысуы байқалады. АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюталарына қарсы 2,8%-ға нығайды. Тауар жеткізілімінің бұзылуы, инфляцияның күшеюі мен геосаяси шиеленіс себебінен Global Composite PMI индексі наурызда 52,7-ге дейін баяулады», - деді Пірматов.