Қазақстанда импорт ағыны ұлғайып, тауарлар экспортының төмендеуі байқалды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2020 жылы төлем балансының ағымдағы шот тапшылығы 6,3 млрд АҚШ доллары болды. Ағымдағы шоттың теріс сальдосы 1 млрд АҚШ долларына қысқаруы, бірінші кезекте, шетелдік инвесторларға төленетін кірістің қысқаруына, сондай-ақ кірістерді бөлу жөніндегі дауды реттеу аясында Қарашығанақ консорциумына қатысушылардан валютаның әкелінуіне байланысты болды», - деді Баймағамбетов Сенатта 2020 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты Үкіметтің және Есеп комитетінің есептерін қарау барысында.
Оның айтуынша, осы жылғы 1-тоқсанда төлем балансының ағымдағы шоты 1,2 млрд АҚШ доллары тапшылығымен қалыптасты. Импорт ағынының ұлғаюы кезінде тауарлар экспортының төмендеуі тапшылықтың негізгі себебі болып отыр.
«Жалпы экспортта үлесі 48,5 пайызды құраған мұнай экспортын қысқарту есебінен тауарлар экспорты 2,9 млрд АҚШ долларына төмендеді. Бұл төмендеу 2020 жылғы 4-тоқсанда мұнайдың салыстырмалы түрде төмен бағасына байланысты болды, бұл ресми статистикада мұнай экспортын есепке алу ерекшеліктеріне байланысты 2021 жылғы 1-тоқсандағы экспортта көрініс тапты», - деді ҰБ өкілі.
Ұлттық банк мәліметінше, азық-түлікке жатпайтын тұтыну және инвестициялық тауарлардың әкелінуін ұлғайту есебінен импорт 4,8 пайызға өсті.
«Тауарлар импорты іскерлік белсенділік пен кейінге қалдырылған ішкі сұраныстың қалпына келуі аясында өсіп келеді. Импорттың ең көп өсуі автомобильдер, киім-кешек және компьютерлер сияқты тауарларды әкелуде байқалды», - деді Ақылжан Баймағамбетов.