15 нау, 2022 сағат 10:54

Ұлттық банк икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады - Ғалымжан Пірматов


Ұлттық банк икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолма-қол шетел валюталары нарығында барынша нарықтық бағам белгілеуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк айырбастау пункттері арқылы теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін кеңейту бойынша түзетулер әзірледі. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдерінің алдын алу және алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендету мақсатында ҚР Президентінің Жарлығымен елден 10 000 АҚШ долларынан жоғары қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын, салмағы 100 грамнан асатын тазартылған алтынды, алтын құймаларды әкетуге шектеу енгізілді. Бұл қолма-қол шетел валютасының шамадан тыс әкетілуін бақылауды және Ұлттық банк резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді», - деді Ғалымжан Пірматов. 

Оның айтуынша, екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық банк Қазақстанға қолма-қол шетел валютасын жеткізу жөніндегі іс-шаралардың бүкіл тізбесін қабылдауда. Бұл ретте екінші деңгейдегі банктер шоттардағы, депозиттердегі және бағалы қағаздардағы қалдықтар түріндегі өтімді валюталық активтердің жеткілікті көлеміне ие. 

«Ұлттық банк шоктарды ретке келтіріп, дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын және резервтерді орынды пайдалануға мүмкіндік беретін икемді бағам белгілеу саясатын ұстануды жалғастырады», - деді ол.