Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 29 қарашада номиналы 500 теңгелік proof сапасымен "Дала қазынасы" монеталар сериясымен "Домбыра" ескерткіш күміс монетасын айналысқа шығарады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, монеталар 925 сынамды күмістен жасалған. Массасы - 31,1 грамм, диаметрі 1 миллиметр болатын бір гауһартас орнатылған, диаметрі - 38,61 мм, дайындау сапасы - proof, таралымы - 3 мың дана. Сондай-ақ, монетаға гауһартас орнатылған, алтындату технологиясы қолданылған.
"Монетаның бет жағының (аверсінде) орталық бөлігінде, ою-өрнек ішінде ұлттық музыкалық аспап - домбыра бейнеленген. Оң жағында монетаның номиналын білдіретін "500 теңге" деген жазба және монета дайындалған металды, оның сынамы мен массасын білдіретін "Ag 925 31,1g" деген жазба орналасқан. Шеңбер сырты мемлекеттік тілде "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ" және орыс тілінде "РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН" деген жазба бар.
Proof сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.
Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.
"Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ "Монеталардың Интернет-дүкені" www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады", - деп хабарлады банктің баспасөз қызметіндегілер.