Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының орынбасары Олжас Күбенбаев несиелеуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Банктің хабарлауынша, 2021 жылдың I тоқсанында кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстың негізгі үрдістері жайында банктер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша кәсіпорындардан алынған несиелерге сұраныс индексінің аздап өскені байқалады. Бұған ірі банктердегі бизнестің ірі және шағын сегменттерінде несиелеуге деген сұраныстың едәуір ұлғайғаны әсер етті.
Өткен тоқсандағыдай, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілері тарапынан несие қаражатына деген қажеттілік өтінімдер санының өсуіне ықпал етті. Бизнес өкілдеріне онлайн қарыз беру қызметтерін ұсынатын банктердің саны айтарлықтай өсті. Тоқсан ішінде шағын бизнес бойынша өтінімдер саны 1,5 есеге өсіп, 120 мыңды құрады, ал ірі бизнес сегментінде – 28%-ға артып, 244-ке жетті.
Есепті тоқсанда ірі бизнеске несие беруге келгенде жекелеген банктердің ықыласы біршама өсті және мақұлдау коэффициенті 2020 жылдың IV тоқсанындағы 70%-дан 2021 жылдың І тоқсанындағы 55%-ға дейін төмендегеніне қарамастан, 2020 жылдың І тоқсанынан жоғары деңгейде қалып отыр.
Келесі тоқсанда банктер ірі және орта бизнес тарапынан сұраныс артады деп болжайды, ал шағын бизнес сегментінде жағдай керісінше. Есесіне, банктердің келесі тоқсанда бизнесті несиелендіру шарттарын өзгертетін жоспары жоқ.
Бұл ретте ипотекалық және кепілдендірілмеген несиеге деген сұраныс та өсті, ал автонесиеге, керісінше, азайып, кепілдендірілген тұтынушылық несиеге деген сұраныс бұрынғы қалпында қалды. Ипотекалық несиеге деген сұраныс жылжымайтын мүлік нарығының белсенді дамуымен және тұрғын үй сатып алу немесе жөндеу мақсатында зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігімен байланысты артты. Алайда, маусымдық фактор сұраныстың одан да көбірек өсуін тежеп тастады. Тоқсан ішінде өтінімдер саны 22%-ға азайып, шамамен 75 мыңды құрады.
Тұтынушылық несие түрлері бойынша сұраныс құрылымында жан-жақты өзгерістер байқалады. Кепілсіз несиелерге де сұраныс өсті, орташа чек 5%-ға артып, 515 мың теңгені құрады. Автонесие алу бойынша өтінімдер саны 5%-ға, ал орташа чек 11,3%-ға азайды. Бұл ретте кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық несиелер бойынша өтінімдер санында елеулі өзгерістер байқалмайды.
Есепті кезеңде банктердің ипотекалық, кепілді және кепілсіз несиелер беруге дайындығы бұрынғы қалпында қалды, бірақ автонесие сегментінде біршама төмендеді. Банктер бұрын берілген қарыздардан босатылған қаражат есебінен автонесиелер беруді жалғастыра бастады және келесі траншты «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ жеңілдетілген бағдарламасы аясында алдағы тоқсанда алуға ниетті.
2021 жылдың II тоқсанында банктер ипотекалық және кепілсіз несиеге сұраныс өсе береді деп күтеді. Сонымен қатар, банктер автонесие беру шарттарын жеңілдетуді де жоспарлап отыр.
2021 жылдың І тоқсанында несиелеу бойынша банктер арасында анкеталық тәсілмен жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейдегі 23 банк қатысты, бұл ретте олардың 10-ымен қосымша сұхбат жүргізілді.
Ұлттық Банк кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында мұндай сауалнаманы тоқсан сайын жүргізеді.