Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 9,00 процентке дейін төмендетуге шешім қабылдады. Проценттік дәліз артық/кемі 1,5 проценттік тармаққа дейін қысқарып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Тиісінше, өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 10,5% және өтімділікті алу бойынша тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 7,5% болады", – делінген ресми хабарламада.
Биыл мамыр-маусым айларында экономикалық белсенділік қатты қысқарды. Проинфляциялық тәуекелдер де әлсіреді. Алайда болжам басқаша болған. Карантинді қатаңдату бойынша қабылданған қосымша шаралар да дезинфляциялық әсер етеді. Сол себепті базалық мөлшерлемені төмендетуге тура келген.
"Долларландырудың өсу тәуекелдері айтарлықтай төмендеді, бұл мөлшерлемені төмендету үшін әлеуетті кеңейтті. Теңге активтерін қорғау бойынша жедел шаралар нәтижесінде ағымдағы жылғы алты айдың қорытындысы бойынша депозиттерді долларландыру алдын ала деректер бойынша 43,1%-тен 40,0%-ке дейін төмендеді. Бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігіне де ықпал етеді",– дейді банк мамандары.
Ресми ақпаратқа сәйкес, базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі кредиттердің құнын төмендете отырып, өсірілген кредиттік тәуекелдерді белгілі бір дәрежеде өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасына карантинді күшейту жөніндегі шаралар салдарының ықпалын реттеуге ықпал етіп, Қазақстан экономикасының өсуін қалпына келтіру процесін қолдайды.