05 жел, 2022 сағат 15:12

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді


Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін көтерді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделді. Оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды. Ішкі экономика тарапынан инфляциялық күтудің барынша тарихи жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болмауы, сондай-ақ импорттың жедел өсуі кезінде сауданың қайта құрылуы байқалады.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындады. Оның қазіргі деңгейі жеткілікті жоғары деп бағаланады. Базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы бүгінгідей мәндерде сақтау инфляцияны тұрақтандыруға және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа проинфляциялық күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту ықтималдығы төмен деп бағаланады", - делінген хабарламада.

Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 13 қаңтарда Астана уақытымен сағат 14:00-де жарияланады.