Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1,00 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 14 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, - деп хабарлады "Ұлт ақпарат".
"Өтімділікті ұсыну тұрғысынан тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15 пайыз, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13 пайыз болады.
Базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім геосаяси тәуекелдердің салдарынан инфляциялық қысымның күшеюі, әлемде, сондай-ақ Қазақстанның саудадағы серіктес елдеріндегі бағаның өсуі мен олардың елдегі ішкі бағаға ауысуы жағдайында Ұлттық банктің инфляцияға қарсы саясат жүргізуге бейілділігін көрсетеді. Үш жыл бойы байқалып отырған оң фискалдық қарқын инфляциялық процестердің маңызды қозғаушы күні болып қала береді", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2022 жылдың наурыз айында жылдық инфляция теңге бағамы әлсіреп, сұраныс көбейгенде және жеткізілім тізбегі бұзылғанда 12 пайызға (2022 жылғы ақпанда - 8,7 пайыз) дейін қарқын алды. Азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсу қарқыны, сәйкесінше 15,4 пайыздан (10 пайыз) және 10,9 пайызға (8,6 пайыз) жетті. Ақылы қызметтің құны 8,3 пайызға (7,1 пайыз) өсті.
"Инфляцияның тұрақты қалыпта үдеуі тауарлар мен қызметтердің кең спектріне бағаның өсуімен сипатталады, бұның өзі 2022 жылғы наурызда базалық инфляцияның айтарлықтай өсуімен расталады.
Инфляцияға қатысты күтулер бір орында тұрақтап қалған емес және ол жоғары құбылмалылықты көрсетуін жалғастырып келеді. 2022 жылдың наурыз айында жүргізілген сауалнама қорытындысы геосаяси ахуалдың нашарлағанын, ұлттық валютаның құнсыздануын көрсететін қоғамдық оптимизмнің төмендеуін және инфляциялық күтулердің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Сөйтіп, инфляцияны бір жыл алға сандық бағалау 11,4 пайызды құрады", - делінген хабарламада.
Ұлттық банк ақпаратына сүйенсек, фискалды саясат инфляцияға қарсы айтарлықтай қысым көрсетеді.
"2022 жылы республикалық бюджеттің шығыны өткен үш жылда орташа өсу қарқыны 16,7% болған кезінде 23,6%-ға өседі. Сақталып отырған оң фискалдық серпін 2022 жылдағыдай 2023 жылы да инфляцияға қарсы қысым көрсетеді. 2022 жылы Ұлттық қордан бюджет тапшылығын қаржыландыруға берілетін трансферт 4,6 трлн теңгені құрайды, салыстырмалы түрде алып қарағанда, пандемия мен жалпы ішкі өнім 2,6%-ға қысқарғанда 2020 жылғы 4,8 трлн теңге бөлінген еді. Республикалық бюджет тапшылығын халықаралық активтермен қаржыландыру валюта бағамын қолдауға, сонымен қатар импортты арттыруға, бәсекеге қабілеттілікті төмендетуге және таза фискалдық позицияны әлсіретуге мүмкіндік береді.
2022 жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстанда экономикалық белсенділік өсімі жылдық мәнде 4,4% болды. Қаңтарда елдің барлық аумағында төтенше жағдай режимі енгізілгендегі өсімнің баяу үрдісі ақпан айынан бастап экономиканың көптеген салаларында жақсы көрсеткіштер байқалды. Жоғары тұтынушылық сұраныс іскерлік белсенділікке біршама қолдау көрсетті. 2022 жылдың наурыз айында бөлшек саудадағы тауар айналымының өсімі жылдық мәнде 3,7%-ға дейін қарқын алды. Үй шаруашылығындағы тұтыну көрсеткіші тұтынушылық несиелеудің және халықтың нақты кірістерінің өсуімен де қолдау тапты" - дейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.