Фото: ҚР ҰБ
ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау негізінде қабылданған.
"Сыртқы ортаның проинфляциялық қысымы бәсеңдеп келеді. Әлемдегі инфляция, атап айтқанда, сауда-серіктес елдердегі инфляция қуат көзі мен азық-түліктің әлемдік бағасы төмендегендіктен, баяулай бастағынын көрсетіп отыр. Тұрақты нақты айырбастау бағамы аясында сыртқы бағалардың мейілінше баяу өсуі елдегі инфляцияның бәсеңдеуіне қолайлы жағдай жасап отыр. Қазақстанда проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тұрақты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасының өсуі мен күтілетін тұрғын-үй коммуналдық қызмет (ТКҚ) тарифтерінің көтерілуі тарапынан сақталуда.
Осылайша, қазіргі уақытта сыртқы инфляция тарапынан қысымның әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы дезинфляциялық факторлар жағына аздап ығысты. Бұл 2022 жылғы қыркүйектен бастап инфляцияның тұрақты бөлігіндегі көрсеткіштердің баяулауын қоса алғанда, осы жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлеменің біртіндеп және баяу төмендеуіне мүмкіндік тудыруы ықтимал" - делінген хабарламада.
2023 жылғы сәуірде жылдық инфляция 16,8%-ға дейін баяулаған. Инфляция құрылымында азық-түлік компоненті мейлінше тез қарқынмен баяулап келеді. Бұл ретте жылдық инфляцияның төмендеуі ЖЖМ бағасының өсуіне байланысты аздап қарқын алған азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуімен тежелген.
"Айлық инфляция 0,9% деңгейінде сақталып, орташа тарихи мәндерден жоғары қалыптасты. Алайда, 2022 жылғы қыркүйектен бастап базалық және маусымдық фактор ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері төмендеп отыр. Бұл инфляцияның тұрақты бөлігі мен проинфляциялық қысымның біртіндеп әлсіреуін көрсетеді.
Инфляциялық күтулер құбылмалы және қысқа мерзімді шоктарға сезімтал болып отыр. Сәуір айында алдағы бір жылға күтілетін инфляция 16,7% құрады (наурызда – 16,5%). Бұл ретте респонденттер бағаның өсу факторлары ретінде тұрғын-үй коммуналдық қызметтердің (ТКҚ) қымбаттауын, ЖЖМ мен дәрі-дәрмектер бағасының көтерілуін атап өтті. ТКҚ тарифтерінің жоспарлы көтерілуі мен ЖЖМ бағасының іс жүзінде өсуі халықтың күтулерінде ішінара көрініс тапты.
Алдын ала күтілгендей, жаһандық инфляцияның баяу үрдісі жалғасып келеді. Бірақ әлі де орнықты түрде жоғары бағаланады. Осыған байланысты орталық банктер монетарлық талаптарды күшейтуді жалғастырды. Азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі мен сауда-серіктес елдердегі инфляцияның баяулауы елдегі тұтыну бағасының одан әрі баяулауына қолайлы жағдай жасайды. Дәнді дақылдар бағасының өсуі күтілген қарқынынан жылдамырақ баяулап келеді. Астық мәмілесін іске асыруға және ұсыныстың жоғары деңгейіне байланысты астық бағасының одан әрі төмендеуі күтіледі. Бұл әлемдегі азық-түлік инфляциясының одан әрі баяулауына ықпал етеді" - делінген ресми хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, мұнай нарығы Қытай экономикасының қалпына неғұрлым баяу келуіне, жоғары әлемдік инфляцияға және орталық банктердің тежеу саясатына байланысты бірқалыпты дамиды деп күтіліп отыр. Осы факторларды ескере отырып, базалық сценарийде мұнайдың орташа бағасы 2023 және 2024 жылдарға бір баррель үшін 82 және 80 АҚШ долларына дейін төмендеу жағына қарай қайта қаралған.
"Ұлттық Банктің алдыңғы болжамдарында ескерілмеген ТКҚ тарифтері бойынша шекті бағалардың жоспарлы көтерілуін және іс жүзіндегі ЖЖМ бағасының өсуін, сондай-ақ жоғарырақ фискалдық импульсті ескере отырып, инфляция болжамы жаңартылды. Осылайша, базалық сценарийде биыл жылдық инфляция 11-14%, 2024 жылы – 9-11%, 2025 жылы – 5,5-7,5% шегінде болжанады. 2023-2024 жж. тұтыну бағаларының индексіне ЖЖМ және ТКҚ көтерілген бағасының жанама үлесін Ұлттық Банк 1-2,5 п.т. шегінде бағалайды. Дегенмен, инфляцияның төмендеу динамикасы жалғаса береді. Бұған азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі және жылдық инфляция төмендеген сайын тежегіш сипатқа ие бола бастаған ақша-кредит шарттары ықпал етеді. Сонымен қатар бюджет тапшылығының жоспарлы азаюы және 2024-2025 жылдары бюджеттік қағиданы сақтауға оралу кезінде сыртқы инфляция мен инфляциялық күтулердің баяулауы жалғасады деп күтіліп отыр.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты 2023 жылға арналған болжам жақсара түсті. Биыл ЖІӨ 4,2-5,2% деңгейінде өседі деп күтілуде. 2024-2025 жылдарға арналған болжамдар 3,5-4,5% деңгейінде сақталады. Биылға арналған болжамды арттыруға мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы мен сыртқы және ішкі сұраныстың неғұрлым жоғары болуын күту ықпал етті. Бұл ретте фискалдық ынталандыру аясында импорттың оң динамикасы, сондай-ақ тежеуші ақша-кредит шарттары ЖІӨ-нің өсуін тұрақтандыратын болады. ЖІӨ болжамының тәуекелдері әлемдік рецессия тәуекелі аясында экспортталатын қазақстандық өнімге сұраныстың төмендеуімен, мұнай нарығындағы қысыммен және қазақстандық экспорттың халықаралық нарықтарға қолжетімділігінің ықтимал проблемаларымен байланысты" - делінген ҰБ ұсынған ақпаратта.
Инфляция болжамының тәуекелдеріне фискалдық ынталандырудың күшеюін, ЖЖМ және ТКҚ бағасының өсуінен болатын жанама әсерлердің күшеюін, логистикалық және өндірістік тауар жеткізу жолдарын қайта құрудың баға белгілеуге ұзақ әсер етуін, сондай-ақ инфляциялық күтулердің жоғары мәндерде қалу ықтималдығын жатқызуға болады.
"Жылдық инфляцияның болжамға сәйкес одан әрі төмендеуі, базалық инфляцияның тұрақты төмендеуімен қатар жүретін ЖЖМ және ТКҚ бағалары көтерілуінің жанама әсерлері бірқалыпты болуы, 2024-2025 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде бюджеттік қағиданың сақталуы орын алған жағдайда Ұлттық Банк 2023 жылдың екінші жартысында базалық мөлшерлемені сақтықпен және біртіндеп төмендету орындылығын бағалайтын болады" - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 5 шілдеде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.