Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 15,5%-ды, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 13,5%-ды құрайды, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.
"Шешім қалыптасқан экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарын ескере отырып қабылданды. Логистикалық қызметтер құнының өсуінен, сауда әріптесі болып табылатын елдердегі жоғары инфляциядан және теңге бағамының рубльге қатысты әлсіреуінен туындаған сыртқы сектор тарапынан қысым сақталуда. Дегенмен әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді. Бағаның өсуіне түрткі болған ішкі қозғаушы күштер арасында әлемдік нарықтардан кейін азық-түлік бағасының төмендеуін тежейтін және орта мерзімді перспективада сұраныс тарапынан жоғары қысым көрсететін ынталандырушы фискалдық серпінді атап өтуге болады.
Жоғары инфляция ішкі бағалардың сыртқы баға өзгерістеріне бейімделуіне негізделген, бұл қазіргі кезеңде ақша-кредит талаптарын қосымша қатайтуды талап етпейді. Бұдан басқа, 2022 жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеменің айтарлықтай артуының экономикаға әсері әлі де болса соңына дейін байқалмай отыр және шараларды түзету үшін кейіннен тиісті бағалау жүргізу қажет. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдау үшін жеткілікті" - делінген хабарламада.
Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылғы тамызда бағаның жылдық өсуі 16,1%-ға дейін жеделдеді. Инфляцияның өсуі барлық құрамдас бөліктер бойынша байқалады: азық-түлік тауарлары 20,8%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,5%-ға, ақылы қызметтер 10,1%-ға өсті. Тауарлар мен қызметтер арасында бірқатар шаруашылық тауарларының, қанттың, ұнның, жарманың, макарон өнімдерінің, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу қызметінің құны өсті. Бағаның төмендеуі, негізінен, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің кең ауқымы бойынша байқалады.
Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде қалып отыр. 2022 жылғы тамызда күтілетін инфляцияның медианалық бағасы 16,5%-ды құрады. Бір жылдан кейін инфляция қарқынының сақталуын немесе жоғарылауын күтетін респонденттердің үлесі 55%-ға дейін өсті.
Жаһандық экономиканың бұдан былайғы даму тәуекелдері нашарлау жағына қарай ығыстырылған. ХВҚ болжамы бойынша, әлемдік экономика 2021 жылғы 6,1%-дан 2022 жылы 3,2%-ға дейін және 2023 жылы 2,9%-ға дейін баяулайды (ХВҚ-ның 2022-2023 жылдарға арналған алдыңғы болжамы – 3,6%). Қазақстанның негізгі сауда әріптесі саналатын елдер (ЕО, Қытай, Ресей) бойынша 2022-2023 жылдарға арналған болжамдар да нашарлады.
Сыртқы азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастырып келеді. ФАО азық-түлік бағаларының индексі 2022 жылғы тамызда индекске кіретін барлық құрамдас бөліктердің төмендеуіне байланысты 1,9%-ға түсті (шілдеде 9%-ға төмендеді). Астық бағасының төмендеуі Украина мен Ресей Федерациясы арасында қол жеткізілген Украинаның негізгі Қара теңіз порттарының ашылуы туралы уағдаластыққа және солтүстік жартышарда егін жинауға ішінара негізделді, бұл ұсыныстың артуына ықпал етті. ФАО-ның пікірінше, әлемдік түсімге қатысты жақсы болжамдарға байланысты әлемдік нарықтағы астық ұсынысының артуы бағаның одан әрі төмендеуіне ықпал етеді деп күтілуде.
Әлемде тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. ЕО-да 2022 жылғы шілдеде жылдық инфляция 9,8%-ға дейін жеделдеді. АҚШ-та мұнай бағасының біршама төмендеуі салдарынан инфляция 8,5%-ға дейін баяулады. ХВҚ-ның 2022-2023 жылдарға арналған жаһандық инфляция бойынша болжамдары бағаның бұрын күтілгеннен де тезірек өсуін көздейді.
Әлемдік мұнай нарығында мұнай бағасының жоғары деңгейі сақталады деп күтілуде. Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, жақын арада бензин мен өзге де энергия көздеріне бағаның жоғары болуына байланысты сұраныс аздап төмендеуі ықтимал. Мұнай өндіру біртіндеп артады, бірақ бұл әсер Ресей мен Таяу Шығыс елдеріндегі әлсіз мұнай өндірумен теңестіріледі. Болжам бойынша, 2022 жылы Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен 1 баррель үшін – 105,3 АҚШ долларын, ал 2023 жылы 1 баррель үшін – 90,3 АҚШ долларын құрайды. Осы факторлар мен болжамдарды ескере отырып, базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын 2023 жылы ағымдағы деңгейден барреліне 90 АҚШ доллары және 2024 жылы барреліне 85 АҚШ доллары орташа белгісіне дейін біртіндеп төмендету траекториясы белгіленді.
2022 жылы Ұлттық Банктің Қазақстандағы экономиканың өсуіне қатысты болжамдары іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында қайта қаралды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, ірі кен орындарында күтілетін жоспарлы жөндеу және Каспий Құбыр Консорциумында сақталып отырған белгісіздік аясында ЖІӨ динамикасы 2,5-3,5%-ға дейін баяулайды. Сұраныстың барлық құрамдас бөліктері тарапынан оң үлес күтіледі. 2022 жылғы екінші және үшінші тоқсандардағы кейбір қысқартулардан кейін бірінші тоқсанда қалыптасқан жоғары база мен жыл соңына таман өсу қарқынының қалпына келуі аясында нақты экспорт айтарлықтай үлес қосатын болады.
Орта мерзімді бағалау 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің өсуі аясында экспорттың өте жылдам өсуін көрсетеді. Мемлекеттік шығыстардың өсуі жағдайында тұтынушылық сұраныстың жоғары динамикасы қосымша ынталандыру көздеріне айналады. Сонымен бірге, фискалдық ынталандырудың салдары болатын импорттың жоғары динамикасы ішкі сұраныстың өсуін ішінара теңестіреді. 2023 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқынының 4-5%-ға дейін жеделдеуі болжанып отыр. 2024 жылы ЖІӨ өсімі осындай деңгейде болады.
Ағымдағы алғышарттарды ескере отырып, 2022 жылдың соңына таман инфляция 16-18% аралығында болжанады. Бұл Ұлттық Банктің алдыңғы бағаларынан жоғары. Сыртқы және ішкі азық-түлік нарықтарындағы бағалардың динамикасын ескере отырып, бағаның өсуіне азық-түлік өнімдері негізгі үлес қосуды жалғастыруда. Оң фискалдық серпін, жоғары сыртқы инфляция, теңгенің әлсіреуі мен логистикалық және өндірістік тізбектерді қайта құру аясында инфляциялық қысым байқалатын болады. Жоғары, тұрақсыз инфляциялық күтулер қосымша фактор болады.
2023 жылы инфляция біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды. ФАО индексінің астық өнімдеріне төмендеуі, 2022 жылғы инфляцияның жоғары базасы, Ресейдегі инфляцияның бұрын күтілгеннен де тезірек баяулауы инфляцияға тежеуші әсер ететін болады. 2024 жылы жаңа сыртқы және ішкі күтпеген өзгерістер болмаған кезде инфляция 5,5-7,5% аралығында қалыптасады.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімдер инфляцияның нақты серпінінің болжамды бағытына сәйкес келуіне және сыртқы орта мен ішкі экономикадағы тәуекелдердің қалыптасып отырған теңгеріміне байланысты қабылданатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме жөніндегі кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 24 қазанда Нұр-Сұлтан уақытымен 14:00-де жарияланады.