06 мау, 2022 сағат 16:18

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады


Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 14,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 15,00%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 13,00% болады.

Шешім қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің ағымдағы теңгерімі, сондай-ақ Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары ескеріле отырып қабылданды. Базалық мөлшерлеменің осы деңгейі жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда 2024 жылға қарай инфляцияның бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етеді. Ақша-кредит талаптары 2023 жылы инфляциялық процестердің баяулауына қарай қалпына келеді.

2022 жылғы мамырда жылдық инфляция 14%-ды құрап, жеделдеуін жалғастырды. Бұл ретте тұтынушылық бағалар индексінің барлық құрамдас бөліктерінің жылдамдауын атап өткен жөн. Тамақ өнімдері бағасының өсуі жылдық инфляцияға барынша көп үлес қосуда. Тауар жеткізудің логистикалық тізбектеріндегі үзілістердің және тұрақты сұраныстың аясында импортты құрауышы жоғары тауарлар бағасының өсу үрдісі жалғасты. Реттелетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасының көтерілуіне мораторий инфляцияны тежеп отыр.

Айлық инфляция мамырда 1,4%-ға дейін (сәуірде – 2%) баяулауын жалғастырса да, орташа тарихи нормадан асып, жоғары болып отыр. Айлық инфляцияның бәсеңдеу қарқынының төмен болуы оң фискалдық серпін кезіндегі тұрақты ішкі сұранысқа, әрі жоғары инфляциялық күтулерге де байланысты.

2022 жылғы мамырда бір жыл бұрынға квантификацияланған инфляциялық күтулер 11,7% болды. Биылғы жылғы сәуір-мамырда осы жылдың наурызындағы күрт өсуден кейін бір жыл бұрынға инфляциялық күтулер біршама төмендеді. Бір жыл кезеңінде бағаның өсуін күтетін респонденттер мұны азық-түлік өнімдерінің қымбаттауымен байланыстырды. Инфляцияны қабылдау да жоғары деңгейде сақталуда.

Экономика күткеннен тезірек өсуде. 2022 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша ЖІӨ 4,4%-ға өсті. Әлемдегі геосаяси жағдайға және КҚК мұнай құбырындағы апатқа қарамастан, экономиканың өсуі жалғасты. Шикізаттың әлемдік бағасының өсуі және карантин шектеулерін алып тастау аясында экономиканың барлық негізгі салалары жоғары өсу қарқынын көрсетуде.

Тұтынушылық сұраныстың көрсеткіштері оң динамиканы көрсетуде. Мәселен, биылғы жылғы сәуірде елдегі қаңтардағы оқиғаларға байланысты едәуір құлдырағаннан кейін бөлшек сауда айналымының өсуі қалпына келді. Атап айтқанда, биылғы жылғы бірінші тоқсанда теріс аймақта болған азық-түлік өнімдерінің тауар айналымы қалпына келді. Тұтынушылық кредиттеудің өсуінің сақталуы ақпанда азық-түлікке жатпайтын тауарлардың тауар айналымының тез қалпына келуіне себепші болып, биылғы жылғы сәуірде одан әрі жеделдеді.

2021 жылдың соңында сәл баяулағаннан кейін 2022 жылғы бірінші тоқсанда тұрғын үй құрылысына инвестициялардың өсуі жеделдеді, бұл тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатына зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу көлемінің ұлғаюы аясында халықтың жоғары сұранысымен байланысты болды. Осының аясында жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалар жылдық мәнде көтерілу үрдісін сақтап отыр.

Әлемдік экономиканың бұрын болжанғаннан әлсіз өсуі күтілуде. 2022-2023 жылдары әлемдік экономика 3,6%-ға ұлғаяды (ХВҚ-ның 2022 жылға арналған алдыңғы болжамы – 4,4%, 2023 жылға – 3,8%). Consensus Ecs болжамы бойынша Ресейде 2022 жылы экономиканың 9%-ға, 2023 жылы 1,4%-ға қысқаруы күтіледі. Қытай экономикасының өсу қарқыны бәсеңдеп, 2022 жылы 4,7%, 2023 жылы 5,1%-ды құрайды. ЕО-да 2022 жылы экономиканың өсу қарқыны 2,8% және 2023 жылы 2,3% деңгейінде болады деп күтілуде.

Сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуі жалғасты. Еуроаймақтағы инфляция 2022 жылғы мамырда энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі аясында 8,1%-ға дейін жеделдеді, бұл ретте инфляцияның шарықтау шегі 2022 жылғы екінші тоқсанда күтілуде. Биылғы жылғы сәуірде Ресейде инфляция азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың қымбаттауы аясында 17,8% құрады. Қытайда инфляцияның 2022 жылғы сәуірде қазіргі 2,1% деңгейінен, алайда тұтынушылық белсенділіктің әлсіз өсуіне байланысты бірқалыпты қарқынмен одан әрі жеделдейді деп болжанады.

ФАО-ның азық-түлік бағаларының индексі екі айда қатарынан шамалы төмендеуіне қарамастан, биылғы жылғы мамырда 157,4 тармақты құрап, рекордтық деңгейге жақын болып отыр. Мамырда өсімдік майларының, сүт өнімдерінің және қанттың бағасы төмендеді. Сонымен қатар дәнді дақылдар мен ет бағасының шағын индекстері өсті.

Әлемдік нарықта мұнайдың жоғары бағасы ЕО-ның Ресей мұнайына ішінара эмбаргосымен қолдау тапты, сонымен бірге коронавирустың таралуына байланысты Қытайда карантинның қайталану қаупімен тежеліп отыр. Бұдан кейін энергия тасымалдағыштарға жоғары бағаның және орталық банктердің жетекші экономикаларды ынталандыру бағдарламаларын қысқарту қысымымен сұраныс біршама әлсірейді деп күтілуде. 2022 жылдың соңына қарай АҚШ-та және ОПЕК+ елдерінде мұнай өндірудің күтілетін өсуіне байланысты (2022 жылдың соңына қарай келісім қолданысының тоқтатылуына байланысты) бағалар біршама төмендеуі ықтимал.  Осылайша, 2022 жылы мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 100 АҚШ доллары шамасында, ал 2023 жылы – 90 АҚШ долларына жуық болады деп болжануда. Халықаралық ұйымдардың болжамдарын және мұнайға баға белгілеудің бұдан кейінгі траекториясына әсер ететін факторларды ескере отырып, базалық сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамдық кезеңнің соңына дейін бір баррель үшін 90 АҚШ доллары деңгейінде айқындалды.

Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары бойынша 2022 жылы Қазақстанда экономиканың дамуы 2,8-3,8% деңгейінде қалыптасады. ЖІӨ-нің динамикалық өсу қарқыны 2022 жылғы қаңтар-сәуірде қалыптасқан жоғары фактіге, сондай-ақ жылдың соңына дейін экономиканың барлық негізгі салаларында күтілетін оң динамикаға байланысты болады. Алайда, геосаяси дағдарыс, сыртқы сұраныстың әлсіреуі және тауар жеткізу тізбегінің қайта құрылуы экономиканың өсу қарқынының жылдамдауын тежейтін болады. Геосаяси белгісіздік аясында Қазақстанның экспорттық жеткізілімдерінің халықаралық нарықтарға қол жеткізуінің ықтимал проблемалары ЖІӨ болжамының тәуекелі болып табылады, бұл оны іске асыру кезінде ЖІӨ-нің өсу болжамын мейлінше төмен қарқын жағына қарай қайта қарауға теріс әсер етуі мүмкін.

2023 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқынының 3,5%-4,5%-ға дейін үдейтіні болжануда. Экономикадағы белгісіздіктің төмендеуімен бірге экспорттық және импорттық тауар жеткізу тізбегінің күтілетін қалпына келуі, ОПЕК+ шеңберінде шектеулердің азаюына байланысты 2022 жылмен және мұнай өндіруші елдер мәмілесінің болжамды аяқталуымен салыстырғанда энергия ресурстарын өндіру көлемінің едәуір өсуі экономиканың дамуына ықпал ететін болады. Ішкі сұраныстың оң динамикасының сақталуы да қолдау көрсетеді. 2024 жылы ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруды есепке алғанда, күтпеген өзгерістердің теріс әсерінің болмауы және мұнай өндірудің айтарлықтай ұлғаюы аясында экономиканың өсетіні болжанып отыр.

Осы базалық мөлшерлеме жөніндегі шешімді есепке алғанда, 2022 жылдың соңына қарай инфляция 13-15% деңгейінде болжанады. Сыртқы және ішкі азық-түлік нарықтарындағы бағалар динамикасын ескере отырып, тамақ өнімдері бағасының айтарлықтай өсетіні күтіледі. 2022 жылдың екінші жартысында олардың көтерілуіне, сондай-ақ жоғары инфляциялық күтулер жағдайында нарықтық қызметтердің бағасын өсіруге мораторий қолданысының аяқталуына байланысты реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының күрт өсуінің елеулі тәуекелдері бар. Бұл болжам Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін ескере отырып қалыптастырылды, оны табысты іске асыру инфляцияның болжамның төменгі шегіне дейін төмендеуіне мүмкіндік береді.

2023 жылы инфляция 2022 жылғы жоғары база есебінен кету, базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешім, сыртқы инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеуі және іске асыру жоспарланып отырған контрциклдік бюджеттік қағида аясында біртіндеп 7,5-9,5%-ға дейін баяулайды. 2024 жылы сыртқы, сол сияқты ішкі жаңа күтпеген өзгерістер болмаған жағдайда инфляция таргеттелетін дәлізден әлі де тыс болады, бұл ретте оның жоғарғы шегіне қарай баяулайтыны болжанып отыр.

Инфляция жеделдеуінің негізгі тәуекелдері әлемдегі геосаяси жағдай аясындағы белгісіздікке, капиталдың дамушы нарықтардан дамыған нарықтардың пайдасына әкетілу ықтималдығына, сыртқы, атап айтқанда Ресейден инфляция импортына, сондай-ақ ұсыныс факторлары тарапынан тәуекелдерге және тұрақсыз инфляциялық күтулерге байланысты. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда көзделген параметрлермен салыстырғанда бюджет шығыстарын арттыру жағына қарай ықтимал қайта қарау болжамның маңызды тәуекелдерінің бірі болып табылады.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның нақты динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне және сыртқы ортада және ішкі экономикада қалыптасып отырған тәуекелдер теңгеріміне байланысты қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 25 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланатын болады.