12 қаз, 2021 сағат 11:34

Ұлттық банк басшысы әлемдегі инфляциялық қысымның өсуі туралы айтты


Қыркүйектің басынан бері 22 ел негізгі ставканы өсірген. Бұл туралы Үкімет отырысында елдің ақша-кредит саясаты туралы мәлімет берген ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, әлем экономикасының жылдам қалпына келуі фискалдық ынталандырулар мен жеңіл ақша-кредит талаптары есебінен мүмкін болып отыр. Бірақ соның салдарынан шикізат қымбаттап жатыр. 

«Биылғы тамызда Қытай мен дамыған елдердің сұранысы базалық металдардың бағасын 42,6%-ке қымбаттатып, соның әсерінен өнеркәсіптік шикізат құны 38,5%-ке өсті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы шикізаты 22,7%-ке қымбаттады.

Ал қыркүйекте өсімдік майы, дәнді дақылдар, сүт өнімдері мен қант бағасының көтерілуі нәтижесінде ФАО (БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы-ред.) тізбесіндегі азық-түлік бағаларының индексі 130,0-ға дейін өсті. Бір жыл ішінде ФАО индексі 32,8%-ке өсті», - деді Ерболат Досаев.

Оның айтуына қарағанда, әлемде инфляциялық қысымның өсуі дамыған елдерді де ақша-кредит саясатын күшейтуге мәжбүрлей бастаған.

«Осы жылғы 22 қыркүйектегі отырысында Федералдық резервтер жүйесі ставканы 2023 жылдың орнына 2022 жылдың өзінде барынша ерте арттыру мәселесін талқылады. Еуропа орталық банкі Еуроодақта инфляцияның кйінгі 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін – 3,4%-ке, оның ішінде Германияда 28 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін – 4,1%-ке, Францияда 10 жылдық ең жоғары көрсеткішке дейін – 2,7%-ке жеделдетіп, облигацияларды сатып алу көлемін қысқартуда.

Осы жылғы қыркүйектің басынан бастап 22 ел негізгі ставканы өсірді. Оның ішінде Ресейде тағы да инфляция биылғы жылғы қыркүйекте 5 жылдағы ең жоғары көрсеткішке дейін 7,4%-ке өсіп, мөлшерлеме 6,75%-ке дейін ұлғайды. Жаңа Зеландия мен Норвегияның орталық банктері де негіхгі мөлшерлемені 25 базалық тармаққа арттырды», - деді Ұлттық банк төрағасы.