05 қаң, 2021 сағат 19:13

Ұлттық банк әлем елдерінің валюталарына шолу жариялады

ҚР Ұлттық банкі 2020 жылғы 25 желтоқсан – 2021 жылғы 4 қаңтар аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 31 желтоқсанда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,3%-ға (419,50-ден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 420,91 теңге болды. 

Сыртқы валюта нарығында 2020 жылдың 25 желтоқсаны мен 2021 жылдың 4 қаңтар аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. 

Дональд Трамп $900 млрд ынталандыру қамтылған заң жобасына қол қойды. Вакциналар туралы хабарламалар да инвесторлардың оптимизмін қолдады: ҚХР-да реттеуші отандық вакцинаны қолдануды мақұлдады, Ұлыбритания Covid-19-ға қарсы екінші вакцинаны қолдануға рұқсат берді. ЕО мен ҚХР Еуропалық инвесторлар үшін бұдан әрі Қытай нарығын ашу туралы келісімді мақұлдағаны туралы жариялады. Келісім 2022 жылдың басында күшіне енуі мүмкін. Ұлыбритания пандемияға байланысты үшінші ұлттық карантинді енгізді.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты: 

- Индонезия рупиясы 2021 жылы экономиканың неғұрлым жылдам өсуі (желтоқсан айында PMI өндірістік индексінің өсуі күткеннен де асып, 51,3 белгісіне жетті), сондай-ақ борыштық нарыққа шетелдік капиталдың келуін күту бойынша оптимизм аясында 2,1%-ға (14 200-ден 13 895-ке дейін) нығайды;

- түрік лирасы Ұлыбританиямен еркін сауда туралы келісімді ұзарту және жергілікті нарыққа шетелдік инвесторлардың келуін жаңғырту аясында 1,6%-ға (7,55-тен 7,43-ке дейін) нығайды;

- үнді рупиясы бейрезиденттердің жергілікті компаниялардың акцияларын сатып алуы аясында 0,7%-ге (73,55-тен 73,02-ге дейін) нығайды; 

- Ресей рублі ОПЕК+ кездесулерінің қорытындыларына қатысты белгісіздік салдарынан мұнай бағасының төмендеуі аясында 0,4%-ға (74,11-ден 74,42-ге дейін) әлсіреді;

- Мексика песосы жыл соңында өтімділіктің төмен болуы аясында 0,6%-ға (19,86-дан 19,97-ге дейін) әлсіреді;

- Оңтүстік Африка ранды елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына орай неғұрлым қатаң карантиндік шараларға байланысты қауіптену аясында 0,8%-ға (14,61-ден 14,73-ке дейін) әлсіреді;

- Бразилия реалы ОБ-ның спот нарығында $530 млн көлемінде интервенциялар жүргізуіне қарамастан, 1%-ға (5,22-ден 5,27-ге дейін) әлсіреді.