ҚР Ұлттық банкі 2021 жылғы сәуірдегі қаржы нарығындағы ахуалды жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың сәуір айында инфляция 0,9% (2020 жылғы сәуірде – 0,9%) болды.
Жылдық инфляция 7,0% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,5%) деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның құрылымында жылдық көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының бағасы 9,8%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 6,4%-ға, ақылы қызметтер – 4,1%-ға өсті.
2021 жылы наурызда халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша бір жылдан кейін күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,2% болды.
Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары
Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 2021 жылы сәуірде алдын ала деректер бойынша, 2,0%-ға ұлғайып, 34,2 млрд АҚШ долларын құрады (жылдың басынан бастап 4,1%-ға төмендеді).
Резервтер алтын портфелінің өсуі нәтижесінде ұлғайды. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер, негізінен, ЕДБ-нің Ұлттық Банктегі салымдарының азаюына және мемлекеттік борышты төлеуге байланысты төмендеді.
Алдын ала деректер бойынша, елдің жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (57,7 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылы сәуірдің соңында 91,9 млрд АҚШ долларын құрады.
2021 жылы сәуірде ақша массасы 2,6%-ға ұлғайып, 26 853,9 млрд теңге болды (жылдың басынан бастап 7,8%-ға өсті), айналымдағы қолма-қол ақша 2 884,4 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға (жылдың басынан бастап 2,0%-ға) ұлғайды.
Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары
26 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1,0 п.т. пайыздық дәлізбен жылдық 9,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Ақша нарығында ақша-кредит саясаты операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме саналатын TONIA индикаторы 2021 жылғы сәуірде пайыздық дәліз ішінде қалыптасты. 2021 жылы сәуірде TONIA орташа алынған мәні жылдық 8,8%-ды құрады (2021 жылғы наурызда – 9,2%).
Ақша-кредит саясатының құралдары
2021 жылғы сәуірдің соңында Ұлттық банктің ақша нарығындағы операцияларының теріс сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 5,0 трлн теңге көлемінде қалыптасты.
Ұлттық Банктің тікелей репо операциялары бойынша ашық позициясының көлемі 5,2 млрд теңгеге теңесті.
Ұлттық Банктегі банктік депозиттердің көлемі 255,1 млрд теңге, депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 1 402,2 млрд теңге болды.
ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары
2021 жылғы сәуірде Қаржы министрлігі 98 млрд теңгеге ұзақ мерзімді (МЕУКАМ) мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды. Сәуірде барлығы 12 облигация шығарылымы орналастырылды, онда 3 жылдан 13 жылға дейін өтеу мерзімі бар мемлекеттік бағалы қағаздар орналастырылды. Олар бойынша орташа алынған кіріс жылдық 9,55%-дан 10,58%-ға дейін болды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің айналымдағы бағалы қағаздарының көлемі 2021 жылы сәуірде 0,8%-ға төмендеп, 10 060,2 млрд теңге болды.
2021 жылы сәуір соңында кіріс қисығы 2 жылдан астам сегментінде өскенін көрсетті.
Валюта нарығы
2021 жылғы сәуірде халық нетто-негізде 170,7 млрд теңгеге балама сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Өткен аймен салыстырғанда бұл шығыс 29,7%-ға ұлғайды (2021 жылғы наурызда – 131,6 млрд теңге), 2020 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (51,0 млрд теңге) нетто-сатып алу көлемі 3,3 есе өсті. Шығыстың негізгі көлемі АҚШ долларын – 60,4% немесе 103,1 млрд теңге, Ресей рублін – 34,5% немесе 58,9 млрд теңге, еуроны – 4,9% немесе 8,3 млрд теңге сатып алуға бағытталды. Валюталардың түрлері бойынша бөлгенде АҚШ долларын сатып алуға жұмсалатын шығыс бір айда 2 есе (2,9 есе өсті ж/ж), Ресей рублін сатып алуға жұмсалатын шығыс 2,9%-ға (4,5 есе өсті ж/ж) өсті. Еуроны сатып алуға жұмсалатын шығыс өткен аймен салыстырғанда, керісінше, 2,7 есе (4,2 есе өсті ж/ж) төмендеді. 2020 жылғы сәуірдегі көрсеткіштерге қатысты халықтың шетел валютасын сатып алуға жұмсаған шығысы біршама ұлғайғанын айырбастау пунктерінің жұмысында 2020 жылы қолданыста болған шектеулерге байланысты төмен база нәтижелерімен түсіндіруге болады.
Депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 2,5%-ға ұлғайып, 2021 жылғы сәуірдің соңында 23 969,5 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 12 265,9 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері –11 703,6 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 15 096,8 млрд теңгеге дейін 2,3%-ға, шетел валютасындағы – 8 872,7 млрд теңгеге дейін 2,9%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы сәуірдің соңында 37,0% болды (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%).
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 7 545,6 млрд теңгеге дейін 2,6%-ға, шетел валютасындағы - 4 158,0 млрд теңгеге дейін 0,8%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінен 35,5%).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 4,1%-ға ұлғайып, 16 506,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 467,0 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 039,7 млрд теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы сәуірде 7,2%-ды (2020 жылғы сәуірде – 7,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,0%-ды (10,0%) құрады.
Кредит нарығы
Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 12 909,8 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі – 2 192,3 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға ұлғайды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы сәуірде 2 518,6 млрд теңгеге дейін 3,8%-ға өсті (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінен 16,7%).
Салалар бойынша бөлгенде банктердің экономикаға берілген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,3%), сауда (11,7%), құрылыс (4,0%) және көлік (3,2%) сияқты салаларға тиесілі.
2021 жылғы сәуірде банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы сәуірде – 12,1%), жеке тұлғаларға – 17,3% (17,1%) болды.
Төлем жүйелері
2021 жылғы сәуірде Ұлттық банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі және Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 64,0 трлн теңгеге 4,8 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы наурызбен салыстырғанда саны бойынша 3,1%-ға азайып, сомасы бойынша – 10,6%-ға ұлғайды). Орташа алғанда бір күнде көрсетілген төлем жүйелері арқылы 3,0 трлн теңгеге 216,2 мың транзакция жүргізілді.
2021 жылы 1 мамырда 20 банк және «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасында төлем карталарын шығарды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 52,6 млн бірлік болды. Оның ішінде 2021 жылғы наурызда төлем карточкаларының 49,6%-ын (26,1 млн) ұстаушылар қолма-қол ақшасыз операцияларды және (немесе) ақшаны алу операцияларын жүргізу кезінде пайдаланды.
Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып, 2021 жылғы сәуірде 6,9 трлн теңге сомасына 461,4 млн транзакция жүргізілді (2021 жылғы наурызбен салыстырғанда транзакциялар саны 1,4%-ға, сомасы – 5%-ға ұлғайды). Қазақстандық эмитенттердің төлем карточкалары пайдаланылған операциялардың жалпы құрылымындағы қолма-қол ақшасыз төлем операцияларының үлесі 95% (438,2 млн) болды. Осы кезеңдегі операция көлемі 75,4% (5,2 трлн теңге) болды.
Зейнетақы жүйесі
2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2021 жылғы қаңтар-сәуірде 330,9 млрд теңгеге немесе 2,56%-ға азайып, 12 583 млрд теңге болды.
2021 жылғы қаңтар-сәуірде зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 2021 жылғы 1 мамырда 6 029,4 млрд теңгеге дейін 476 млрд теңгеге ұлғайды.
2021 жылғы қаңтар-сәуірде зейнетақы төлемдерінің сомасы 1,34 трлн теңге болды.
2021 жылғы 1 мамырда БЖЗҚ жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан Республикасы эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздары (тиісінше зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің 42,4%-ы және 25,3%-ы) алады.
Кәсіпорындар мониторингі
Кәсіпорындар мониторингінің нәтижелері бойынша нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келуі байқалады. Қалпына келтіру дайын өнімге сұраныстың артуымен, сату рентабельділігінің өсуімен, инвестициялық белсенділіктің шамалы өсуімен, сондай-ақ валюта бағамының теріс әсерінің төмендеуімен байланысты.
2021 жылғы I тоқсанда нақты секторда дайын өнімге сұраныстың айтарлықтай өсуі байқалады, диффузиялық индекс (ДИ) 49,3-тен 55,4-ке дейін өсті. Қызмет көрсету секторында индекс 53,8-ге дейін, тауар өндіру секторында – 56,8-ге дейін өсті.
Өндіріс көлемі азайды, ДИ 49,4-тен 40,5-ке дейін төмендеді. 2021 жылғы II тоқсанда нақты сектор кәсіпорындары өндіріс көлемінің маусымдық өсуін күтуде (ДИ=54,8).
Осылайша, 2020 жылы тоқыраудан кейін экономикалық белсенділіктің қалпына келуі аясында кәсіпорындардың дайын өнімдері мен көрсетілетін қызметтеріне сұраныс артып, өндіріс көлемінен асып түседі, бұл дайын өнім бағасының өсуінен көрінеді (ДИ 56,4 болды).
2021 жылғы I тоқсанда пікіртерім жүргізілген кәсіпорындардың 16,9%-ы кредит алу үшін банкке жүгінді, кәсіпорындардың 16,1%-ы (немесе кредит алу үшін өтініш бергендердің 95,3%-ы) кредит алды. Кәсіпорындардың басым көпшілігі (81,7%) айналым қаражатын қаржыландыруға (материалдар, шикізат, жартылай фабрикаттар және т.б. сатып алу) кредит алды.
2021 жылғы І тоқсандағы пікіртерімдердің нәтижелері бойынша кәсіпорындардың 33,9%-ы үшін Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнес жүргізуге кедергі болып табылады. Басқа негізгі кедергілер нарықтық бәсекелестік (29,7%), сатып алушыларды іздеу (23,3%), салық ауыртпалығы деңгейі (23,2%), білікті кадрлардың жетіспеушілігі (17,2%) болып табылады.