Қазақстан Ұлттық банкі ағымдағы жылы елдің ІЖӨ-нің 4,2%-ға дейін өсу болжамын арттыру бағытында қайта қарады. 2020 жылы республика экономикасы 3,8%-ға өседі деп күтілуде.
Бұл туралы Ұлттық банк жарияланған «Инфляцияға шолуда» айтылады.
«2019-2020 жылдары экономиканың өсуі бойынша болжамдар ұлғаю жағына қарай қайта қаралды. Болжамдарды қайта қарау инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 2020 жылы оң фискалдық импульспен және жалпы жинақтаудың болжамын неғұрлым жоғары өсу жағына қайта бағалаумен байланысты», - делінген құжатта.
Қысқа мерзімді болашақта өсудің негізгі драйвері халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуімен және оң фискалдық импульспен қолдау көрсетілетін тұтыну сұранысы болып қалады. 2020 жылы бюджет қызметкерлеріне төленетін еңбекақының өсімі аясында мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытын сақтау, сондай-ақ әлеуметтік қолдау мен әлеуметтік көмекке арналған бюджет шығыстарын ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекеттік басқару органдардың тұтыну, сондай-ақ еңбекақы төлеу шығыстарының және мемлекеттік сектордың жұмыс пен көрсетілетін қызметтерінің сатып алуға шығындарының өсуі жағдайында ІЖӨ-нің өсуіне оң үлес қосатын болады деп күтілуде.
Ұлттық банктің болжамына сәйкес, экспорт мұнай мен газ конденсатын өндірудің өсуі аясында қалыпты қарқынмен өсетін болады. Сонымен қатар ЕО және Қытай экономикаларының баяулауы аясында баяу сыртқы сұранысты сақтау болжанып отыр. Тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың артуы аясында экономикалық белсенділіктің серпініне тежеуші әсер ете отырып, импорт өсетін болады.
Қысқа мерзімді кезеңде өндіріс әдісімен ІЖӨ-нің өсуі экономиканың барлық негізгі салалаларына оң серпін беретін болады. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім мұнай және газ конденсатын өндіру көлемдерінің ұлғаюымен байланысты болады. Қайта өңдеу өнеркәсібі қара металургия мен түсті металдарда өндірісті ұлғайту есебінен өсім көрсетеді.
«Тау кен өндіру өнеркәсібіндегі оң серпін және тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы сауданың өсуіне ықпал етеді. Осылармен қатар, ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру аясында құрылыс және көлікте оң серпінді сақтау көзделеді», - делінген «Инфляцияға шолуда».
Ұлттық банк 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында ІЖӨ-нің өсімі біраз баяулайтынын болжап отыр.
«Тұтынушылық сұраныстың өсу қарқынының төмендеуі бейтарап фискалдық импульс пен халықтың нақты ақшалай кірісінің барынша баяу өсуімен байланысты болады. Бұл ретте, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды және өнеркәсіптік саланың жобаларын іске асырудан инвестициялық белсенділікке әсер 2020 жылға қарағанда төмен болады. Мұнай өнімдерін өндіру көлемдерінің неғұрлым баяу серпіні аясында нақты экспорттың баяулауы байқалады. Сондай-ақ, импорт та ішкі тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың баяулауы нәтижесінде неғұрлым төмен өсу қарқынын көрсететін болады», - деп болжайды Ұлттық банк.