Бүгін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы "Көкбастау" ипподромында Конституция күніне орай ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлеріне дүбірлі жарыс өтті.
Осымен 21-ші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден жалпы саны 200-ге жуық сүйгүлік қатысты.
Жиналғандарды алдымен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.
- Бүгін Конституция күніне орай ұлттық ат спорты түрлерінен Елбасы Кубогына республикалық жарыс өткізіп отырмыз. Бұл шараны Алматы облысында жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Өйткені Жетісу өңірі салт-дәстүрге құрметпен қарап, саламатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық спорттың дамуына ерекше назар аударып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жылқыны қолға үйретудің адамзат тарихындағы рөліне, халқымыздың атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының қыр-сырына ерекше тоқталған болатын. Сол Дала өркениетінің жаңа дәуірдегі заңды жалғасы ретінде ұлттық ат спорты түрлерінен осындай жарыстарды өткізудің маңызы зор. «Ат – ер қанаты» дейтін халқымыздың аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, аламан бәйге, теңге алу сияқты ұлттық ойын түрлері де ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Бүгінгі жарыста аталған ойындардың мән-маңызына, сән-салтанатына спортсүйер қауым тәнті болады деп ойлаймын, - деген облыс әкімі шабандоздарға сәттілік тілеп, жарысты салтанатты түрде ашып берді.
Мұнан соң сөз алған Жамбыл ауданы ақсақалдарының батасынан кейін бәйгеге қатысушылар жарысты бастап кетті.
Жарыс қорытындысы бойынша тай жарысында оқ бойы озып келген Жамбыл облысынан қатысқан "Шөнгер" атты жүйрік 200 мың теңгенің ақшалай сыйлығына ие болды.
2-ші орынмен Талғар ауданынан келген Бұлғынов Мерхат есімді шабандоз тізгіндеген "Кәусар" атты тай мәре сызығын кесіп, шабандозына 150 мың теңгеге берілді.
3-ші орын Қырғыз Республикасынан келген "Асанбек ата" жылқы шаруашылығына тиесілі "Береке" атты сәйгүлікке бұйырды. Жүлдесі - 70 мың теңге.
9 шақырымдық жорға аттар жарысында Қырғыз Республикасының атынан қатысқан "Қабылан" атты жүйрік бірінші келді. Мәре сызығын екінші болып Атырау облысының "Асуар" атты жорғасы кесті. Үздік үштікті Қырғыз Республикасынан топқа түскен "Лепучий" атты жүйрігі түйіндеді.
11 шақырымдық құнан бәйгеде Қарасай ауданының "Қарлығашы" бірінші орынды иеленді. Екінші болып топ жарған - Жамбыл облысының "Әлқиса" сәйгүлігі. Бабы жарасып, үздік үштіктен көрінген Алматы қаласының "Мұзбалақ" атты құнаны. Жорға жарысы мен құнан бәйге жеңімпаздарына сәйкесінше "Лада Гранта" автокөлігінің кілті, 150 және 120 мың теңге табысталды.
16 шақырымға созылған топ бәйгеде 1-орынды Алакөл ауданының атынан топқа қосылған "Шымбұлақ" атты сәйгүлік иеленді. Жеңімпазға "Нива" автокөлігінің кілті табысталды. 2-орын иеленген Талғар ауданының "Ғасыр" атты жүйрігінің иесі "Лада Гранта" автокөлігін қанжығасына байлады. 3-ші орын Қарасай ауданының жүйрігі "Дон Франческо" атты тұлпарына бұйырып, иесі 150 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
Осыдан кейін 25 шақырымдық Аламан бәйгенің де кезегі келіп жетті. Оған еліміздің әр түкпірінен 40-қа жуық жүйрік қосылды. Нәтижесінде жеке дара озып, топты жарған Қарасай ауданының "Қаракөз" атты жүйрігін тізгіндеген Байғұрман Сабыржанға "УАЗ Патриот" автокөлігінің кілті табысталды. Мәре сызығын екінші болып кескен Қырғыздан келген "Зара" атты сәйгүліктің иесіне "Нива" автокөлігінің кілті сыйға берілді. Сондай-ақ үшінші орынды Алматы қаласының "Қаракөзі", төртінші орынды Қызылорда облысының "Қарлығаш" атты жүйріктері иеленді. Жүлдегерлерге сәйкесінше "Лада Гранта" автокөлігі мен 200 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.
Жалпы ат жарыстардың ұтысына 7 автокөлік және 2 млн. 300 мың теңге ақшалай жүлде тігілді.
Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты