22 қаң, 2018 сағат 15:47

Ұлт анасы болуға қандай әйел лайық?

 

Әйел тілі қысқа, кешірімпаз,

Әдебі нұсқа, білікті талғампаз,

Отбасын сақтай білуде сабырлы,

Түсіністік пен ұстамдылықта шыдампаз,  

Ашу-ұрысқа түспейтін ізденімпаз,

Өсек-аяңға ермейтін озық тәрбиелі,

Азғындауға бармайтын салмақты,

Мейірім нұрын айнала төгетін ақылды әйел,

Алаштың тұқымын көктетіп, өрбітуге құмар,

Отбасын қайткенде де бақытты етуге құштар,

Адал ананың ақ уызына толыққанды жарыған,

Инабатты, ибалы қыз, әйел, бұл – ең дана әйел!

Бұндай әйел – ұлт анасы болуға ең лайықты әйел!

Бұндай текті әйелі бар қазақтың отбасы өнегелі,

Ұл-қыздары мен немере-шөберелері ұлағатты,

Қоғамдық ортада абырой-беделі аса жоғары,

Өмірлік бақыт жұлдызы қашанда асқақ болады.

Келешегім, Алаш ұлы мен қыздары, есіңізге сақта!

Сіздер ең алдымен бір-бірлеріңізді мінсіз дәрежеде жанқиярлықпен қорғай білуге келгенде, қастерлей білуді оздыра білуге келгенде теңдесі жоқ ұлттық тұлғаға айналуға, кемеңгер пана болуға айрықша міндеттісіздер. Адасуға ешқандайда қақымыз жоқ. Өйткені, Ар алдында – Дар алдында тұрсыздар. Бұны өле-өлгенше ұмытпа! Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық намысты мінсіз қорғай білуде, арды кіршіксіз сақтай білу де, отбасын бақытты ете білу де – ерлік! Үшіншіден, текті көрегендік пен есті кісілікке лайық даналылығы мен өнегесі зор, ұлағаты мол, ізденімпаз да кемеңгер әке-шеше бола білу, қалдырған ізі ұрпаққа өнеге, өсиеті үлгі, абыз ата-әжеге айнала білу – нағыз кемелдік! Төртіншіден, өткен ата-бабалармен емес, ендігі жерде, ХХІ ғасырда тек текті, жан-жақты білімді, білікті, кемеңгер тұлға етіп өрбіткен ұл-қыздарымызбен, немере-шөберелеріміз, шәкірттерімізбен ғана әлем алдында тік тұрып мақтана алатын, марқая алатын алтын үрдістерді тезірек орнықтырып, оздыра білу – көсегені көркейтетін көсемдік! Бесіншіден, күллі ұлт, халық, ұрпақ алдындағы қарызымыз бен парызымызды мінсіз дәрежеде өтей білу – қыл көпірден сүрінбей тек қана аса айрықша мәртебелі абыроймен өте білу екенін ешқашанда ұмытпа, алтын келешегім! Алтыншыдан, «Қазақ елі, әлемдік 30 елдің қатарына, тек қана 30 миллион қазақпен қосыл!» пәрменді ұлттық ұлы ұсынысты жүзеге тезірек асыру мақсатында бәріміз де жұдырықтай жұмылып, ерекше жанқияр белсенділікпен ат салысу – бар қазақтың алдында тұрған ең алтын әрі ұлы міндет! Жетіншіден, қазақ халқы тек көшбасшы болуға лайық кемеңгер ұл-қыздарды қаулата білуге ғана жаралған!

Қазақтың санының өсуі де, өшуі де, ұлтын жанындай ерекше күймен сүйе білетін, патриоттық рухы асқақ, текті қыз-келіншектердің ерекше мүдделі белсенділігі мен қажымас қажырлылығына байланысты.

Иманға, тәубеңе кел, аяулы ару, сүйікті қыз-келіншектер!

Сіздер қоғамның гүлісіздер! Ерте солмаңыздар, ұлт келешегін терең ойлаңыздар. Сіздер ең мейірімді апа, жанашыр қарындас, мәңгілік асыл жар, аяулы да ардақты ана, өнегелі алтын әжесіздер. Жаңа ғасыр – жаңашыл жасампаздық пен бастамашыл жаңа патриоттың айрықша белсенділігін күтеді. Отбасында өз ерлеріңізді қастерлеп, құрметтей біліңіздер, сүйіңіздер. Қоғамды, әсіресе еркекті терең тебіреніске, жаңа сілкініске түсіре отырып, бірге сырласыңыздар! Бір-бірлеріңізге айнымас жанқияр тірек, суыспас мәңгілік сүйеніш бола біліңіздер. Адамзатта көпбалалы бола білу, теңдесі жоқ ең игілікті ұлы істердің ішіндегі әйел бақыты – әлемдік ұлы бақыт!

Өмірге бала әкелу – өмір мен өлімнің арпалысқан сәттегі ең қауіпті қыл көпірлі тажалынан аман қалу, кейін оларды қажымас ізденімпаз іскерлікпен аяғына тұрғызып, көреген кемелдікпен сан салаға самғата білу – көзсіз ерен ерлік екенін жақсы түсінеміз.

Алайда соғыста батыр болу – бір сәттілік, уақытша ғана батыр. Адал, шын батыр – өмір бойына, өле-өлгенше жанқияр халықшыл, шыншыл, турашыл, күрескер, қайраткер болады. Бүкіл ел, ұлт, ұрпақ, шәкіртті бақытты ете білу мақсатында өмірлік шындық үшін шайқасып, ақиқат үшін айқасып, аттан бір сәтке де түспей тәуелсіз елдік үшін алысып өтеді. Қаһарман батыр – күрескер батырлық пен принципшіл асыл азаматтықтың озық үлгі-өнегелерін бүгінгі және келешек ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеміз, шәкірттеріміз үшін үнемі жетілдіре отырып, құрыштай шыңдап, оздырып өтеді.

Ал Сіздер, ақ жаулықты аналар, мәңгі қаһарман батырсыздар! Сіздер жанқияр күйдегі  күрескерсіздер! Сіздер қажымас қайсар қайраткерсіздер! Сіздер өмірлік қаһарман батыр бола білудің алтын символысыздар! Көпбала өрбіте білу даналығын оздыра түсіңіздер!

Қорыта келгенде айтарымыз: «Шығармашылық иесінің бақыты – тақырыбын табумен байланысты» демекші, Ұлы Даланың қазақ ұрпағының, әсіресе аруларының ең ұлы мақсаты – ХХІ ғасыр сахнасында өз дара жолын қапысыз тауып, дана жолдың сара арнасына түсіп, қазақ деген Мәңгілік елдің Көкбайрағын желбірете білу, бүткіл ел, ұлт, ұрпақ, отбасы мәртебелі абыройы мен мерекелі мерейін көкке асқақтату бағытында әлем жұртшылығын таңқалдырмай қоймайтын дәрежеде бола білу болса керек.

Олай болса, осынау ұлы жолда аянбай өлшеусіз тер төгіп, елеулі үлес қосып, Қазақ елінің болашағын баянды ету, Тәуелсіз елдігімізді тұғырлы қып, мәңгілік өркениетті ел боп қалыптаса білудің жолында намысты жанып, мінезді түзеп, бірімізді-біріміз өнегелі қайсар белсенділікпен үнемі қамшылап, жаңаша озық та өнегелі, үлгілі өмірмен алға нық қадам басуымыз қажет!

Көсегесі көгеріп, көркейіп, гүлденген іргелі ел боламыз десек, ерін қастерлей білуде жаман аты шықпайтын тәрбиелі, көркем мінезді, ибалы, инабатты қызды, отбасына мінсіз қорған бола білуге лайық күрескерлік өнегесі зор, кемел ұлды қаулата білейік, қазақ!

Бұл әке-шеше мен ата-әже үшін теңдесі жоқ мәртебелі абырой және екі дүниенің де ең жарқын бақыты!

Молдағали Матқан

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі