
Кортрейк қаласында үлкен теннистен Федерация кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Бельгия матчы өтуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кортқа алғашқы болып дүниежүзілік рейтингте 63-орында тұрған Зарина Дияс пен әлемнің 19-ракеткасы Элизе Мертенс шықты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласын ойсырата ұтты – 6:1.
Есесіне екінші сетте бельгиялық спортшы брейкпен алға шықты – 4:1. Заринаның қателіктерін шебер пайдаланған Э.Мертенс тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Үшінші, шешуші партия бастапқыда әлдеқайда тартысты өрбіді. Бірақ есеп 2:1 болған мезетте бельгиялық теннисші брейк жасап кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Ақыры ол матчты эйспен бітірді – 6:1.
Бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды.
Осылайша Бельгия құрамасы 1:0 есебімен алға шықты.
Екінші кездесуде әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 115-сатыдағы Исалин Бонавантюрмен шеберлік байқасады. Егер Юлия ұтса, есеп теңеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Федерация кубогы күшін Қазақстан – Бельгия матчының жеребесі тартылғанын, Александр Бубликтің Монпелье турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
