Алматыда Үлкен Алматы өзенінің қызыл түске боялуын құзырлы органдар түсіндіре алмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» РМК қызыл түске боялған Үлкен Алматы өзені суын зерттеу қорытындысын жариялады. Зертхана мамандары қалалық Экология департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып өзен суынан сынама алған болатын.
Су өзеннің басталған тұсы - Алмаарасан аңғарынан, орта тұсы - Қ.Сәтбаев көшесінің бойынан, төменгі тұсы - Т.Рысқұлов даңғылы маңынан алынған болатын. Желіде таралған видео өзеннің орта тұсында - Сәтбаев көшесінің маңында түсірілген болатын.
«Судың иісі жоқ болатын. Анализ барысында түсі өзгерген жоқ. Негізгі көрсеткіштер судың температурасы, оттектік құрамы, түсі, мөлдірлігі қалыпты», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы бөлімшесінің химиялық талдау бөлімінің басшысы Айжан Нүкенова.
Оның айтуынша, Алмаарасан аңғарында ешқандай зиянды заттардың көрсеткіштен жоғарылауы аңғарылмаған. Ал, Сәтбаев көшесінің тұсында темірдің көрсеткіші рұқсат етілген шекті көрсеткіштен 1,4 жоғары болғаны белгілі болды. «Ал Рысқұлов көшесі маңында алынған судан нитритті азот рұқсат етілген шекті көрсеткіштен 1,5, темір - 2,8, мыс - 1,2, марганец - 1,6 көрсеткішке артық екені анықталды.
Судан аммоний тұзы, фосфат, карбонат, мұнай қалдықтары табылған жоқ. Бірақ, бұл әдеттегі Алматы өзенінің талдауына ұқсайды. Жоғарыда айтылғандар суды қызыл түске бояды деп нақты айта алмаймын», - деді Айжан Нүкенова.
Қалалық Экология департаменті де судың ашық қызы түске боялуына не әсер еткенін нақты айта алмай отыр. Қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова да су сынамасында зиянды токсинді заттар табылмағанын айтты.
Айта кету керек,Үлкен Алматы өзенінің қызыл түске боялғаны тұрғындарды таң қалдырды. Аталған видео әлеуметтік желі арқылы тарап кеткен болатын.