06 мам, 2022 сағат 10:20

"Үлгермедік". Ерлі-зайыпты егіз баласымен өртте қаза тапты


Көкшетау іргесіндегі Красный яр кентінде екі қабатты үй өртеніп, бір отбасы қаза тапты. Шырт ұйқыда жатқан ерлі-зайыптылар егіз баласымен қызыл жалын құрсауынан шыға алмай қалған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Ұйықтап жатқанбыз, есікті көрші әйел қатты ұрғылады. "Көмектесіңдер" деп айғайлады, атып шықтық, пәтердің іші жанып жатыр екен. Көршілер у-шу болып терезені сындырдық. Бәрі тез болды. Үлгермедік", - дейді марқұмдардың көршісі Ирина Шермер.

Телеарнасы мәліметінше, өрт түн ортасында тұтанған. Тілсіз жау әбден күш алған кезде әжелері оянып, өзгелерін оятпақшы болыпты. Тіпті жеті жасар немересін алып сыртқа  ұмтылған. Бірақ есіктен шыға алмай, терезеден тысқа қашып шығыпты. Ал төр бөлмеде жатқан 30 жастағы баласы мен келіні және төрт жастағы егіз балалары үлгермеген. Көршілері көмекке ұмтылғанмен, үйдің ішіндегі өрттің беті қатты болған. Кенттің өзінде орналасқан өрт сөндірушілер де хабар түсісімен жеткен. Бірақ олар марқұмдардың күйген денесін алып шығыпты. Төртеуі кереуеттен тұрып қана үлгеріпті. Алғашқы болжам: электр желілері тұйықталған. Марқұмның туыстары осы үйде бір күн бұрын электр құрылғыларынан ақау шығып, мамандар жөндеу жүргізген дейді.

"Қазір өрт-техникалық сараптама істеп жатыр. Негізі, өрт іште болған. Түн ортасында болған оқиғаны ешкім байқамай, үй иелері де қатты ұйқыда болған. Оның үстіне, қазіргі төбе жабындылары, пластикалық тақтайшалар жанғанда улы зат бөлінеді. Марқұмдар бірден тұншығып кетуі мүмкін. Енді оны сот медициналық сараптама анықтайды", - деді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.