19 қаң, 2023 сағат 14:20

Украинадағы соғысты қолдаған депутат партиядан шығарылды

видео кадры

"Ақ жол" демократиялық партиясының пленумы Украинадағы соғысты "арнайы операция" деп атап, Ресей президенті Владимир Путинді ашық қолдаған депутат Азамат Әбілдаевты партиядан шығарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" партияның сайтына сілтеме жасап. 

"Бүгін Астанада "Ақ жол" демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің пленумы өтті. Партия төрағасы Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтың журналистке берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді.

Ұлттық кеңес мүшелері Азамат Әбілдаевтың сөздері "Ақ жол" партиясының позициясына қарама-қайшы екеніне, сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұрғанына баса назар аударды.

Кеше партия президиумы хабарлағандай, “Ақ жол” партиясы қашан да республикамыздың, сондай-ақ басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды" - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық кеңес Азамат Әбілдаевты "Ақ жол" демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар "Ақ жол" партиясы Азамат Әбілдаевтың депутаттық мандатын тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады. 

Айта кетейік, Азамат Әбілдаев - 1998 жылдан "Ақбөкен" қоғамдық қорының мүшесі. 2015 жылдан Қалмақ тұқымының Республикалық Палатасының төрағасы, 2021 жылдың қыркүйек айынан "Қазақстанның Ет Одағы" ДКЗТБ басқармасының төрағасы, Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясының мүшесі.

Еске салайық, кеше, 18 қаңтарда Мәжіліс депутаты "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Ресей президенті Путинді қолдайтынын ашық айтқан. Ол сонымен бірге Ресейдің Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атаған.  Әбілдаев бұған қоса, Украина президенті Владимир Зеленскийді жуырда өз халқы ұстап, сотқа беретінін және Парламентте дәл осылай ойлайтын екі-үш депутат барын айтты.