26 ақп, 2022 сағат 02:26

Украинадағы қазақстандықтар Польша шекарасына қарай жолға шықты - СІМ


ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан елімізге оралуын ұйымдастыру бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Украинадағы ҚР азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі Елшілігінде, сондай-ақ ҚР СІМ-де «жедел желі» ашылды. 

Сондай-ақ, Днепр, Львов, Одесса және Харьков қалаларындағы ҚР Құрметті консулдары жұмылдырылды. Бұл кешенді жұмысқа Польша, Молдова мен Беларусьтегі біздің шетелдік мекемелеріміз де қосылды.

Бүгінгі күні эвакуациялауға көмек көрсету туралы 528 өтініш келіп түсті. Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның келесі өңірлерінде тұрады: Киев қаласы мен Киев облысында - 264 адам, Одесса облысында - 30, Харьков облысында - 18, Львов облысында - 17, Днепропетровск облысында - 13, Полтава облысында - 7, Черкасск облысында - 4, Луганск облысында – 2, Ивано-Франковск облысында – 2, Житомир облысында – 2 адам.

Қазіргі уақытта біздің азаматтар автокөлікпен қазақстандық дипломаттармен бірге Киев және Львов қалаларынан Польшаның шекарасына қарай жолға шықты.

Варшавадағы біздің Елшілік жергілікті билікпен бірлесіп, Қазақстан азаматтары үшін шекарадан Катовице қаласының (Польша) әуежайына жету үшін «жасыл дәліз» қамтамасыз етеді. Репатриациялық рейстің жолаушылары Украина-Польша шекарасын кедергісіз (визасыз) кесіп өтеді, сондай-ақ міндетті карантиннен, ПТР тесттерін тапсырудан және вакцинация паспорттарын ұсынудан босатылады.

Алғашқы репатриациялық рейс 26 ақпанда таңертең ұшады. Ұшақ Катовице қаласының әуежайынан ұшып шығып, Атырау қаласына техникалық қонғаннан кейін Алматы қаласына ұшып жетуі тиіс.

Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастырылады. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз бетімен баруды ұсынамыз.

Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР Елшілігімен және Құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін біздің азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетіледі.