Сейсенбі күні таңертең Украинаның оңтүстігіндегі Николаев қаласында Ресей зымыранының соққысы салдарынан облыс әкімшілігінің ғимараты қирады, деп хабарлайды Азаттық.
Қала мэрі Виталий Ким соққыдан қираған ғимараттың суретін жариялады. Суреттен ғимараттың ортаңғы бөлігі қирағаны көрінеді. Қала мэрінің айтуынша, үйінді астында сегіз адам қалған болуы мүмкін. Жараланғандар бар.
Николаев қаласы ақпан айының соңынан бері атқылауға ұшырап келеді. Әзірге Ресей әскері қалаға басып кірген жоқ.
Кейінгі айда Украинадағы әлеуметтік желілерде Виталий Кимнің танымалдығы артты. Ол соғыс басталғалы бері күн сайын қаладағы жағдай туралы роликтер түсіріп, тұрғындарды жігерлендіруге тырысады.
Сейсенбі күні Днепропетровск облысы аумағына да Ресей әскерінің зымыранмен бірнеше соққы жасағаны белгілі болды. Облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Валентин Резниченконың хабарлауынша, Новомосковск ауданында зымыран облыстағы фермер шаруашылығы аумағына түскен, техника бүлінген. Бір адам жараланған. Павлоградта зымыран көпірге түсіп, жол қозғалысы тоқтаған. Никополь ауданына да зымыран түскен. Әзірге толық емес ақпарат бойынша, қаза болғандар жоқ.
- Ресей әскері 24 ақпанда Украинаға басып кірген. Путин Украинаны "денацификация" және "демилитаризациялау" мақсатында көрші елге "арнайы операция" бастағанын мәлімдеген. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
- Бір айдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Украинаның көптеген қаласы атқылауға ұшырады. Елдің біраз бөлігін Ресей әскері басып алды. Қаза болғандар туралы нақты мәлімет жоқ. Сарапшылар мыңдаған адам қаза болуы мүмкін дейді. Украинаның ондаған қаласында тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және өзге де нысандар қирады.