26 ақп, 2022 сағат 18:22

Украинада зардап шеккен қазақстандықтар жоқ - СІМ


Украинадағы Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Украинадағы әскери қимылдар басталғанға дейін «Air Astana» ұшақтары тұрақты рейстер жасап тұрды. Азаматтар кез-келген уақытта ұша алды, ешқандай кедергі болған жоқ. Украинаның аспаны ашық болды. Азаматтардың елден кету мүмкіндігі де болды. Біз қазақстандықтарға Украинадан кетуіңіз керек деп бұйыра алмаймыз. Елде қала ма, кете ме, әр азамат өзі шешеді және біз осыған дейін де, алдағы уақытта да тек Украина берген ресми ақпаратты тарататын боламыз», - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министрлік өкілі қазақстандықтар арасында зардап шеккендер бар ма деген сауалға жауап берді. 

«Бақытымызға орай, зардап шеккен азаматтар жоқ. Әзірге бізге ондай ақпарат келіп түспеді. Бәрі жақсы болады деген үміттеміз», - дейді ол.