12 мам, 2022 сағат 13:30

Украинада тағы бір тәжік азаматы қаза тапты


Ресей билігі Украинадағы соғыста Тәжікстанның Файзабад ауданында туып-өскен 25 жастағы жауынгердің қаза болғанын мәлімдеді.

Туыстарының айтуынша, Алижон Сафаров көп жылдан бері орыс армиясында қызмет еткен. Дегенмен олар марқұмның Украинадағы соғысқа аттанғанын білмеген.

Орыс билігі таратқан мәліметке қарағанда, Сафаров 8 мамырда қаза болған. Әзірге оның Украинаның қай жерінде қайтыс болғаны, сүйегін Тәжікстанға жеткізер-жеткізбесі белгісіз.

23 сәуірде Барнаул қаласында Тәжікстанда туып-өскен орыс армиясының 24 жастағы жауынгері Әбубәкір Нозимовтың сүйегі жер қойнауына тапсырылған. Жакындарының айтуынша, ол Украинадағы соғысқа 15 ақпанда аттанып, 12 сәуірде Харьков қаласын қоршауға алу кезінде желкесіне оқ тиіп, қаза болған.

Украинада үш айға жақын уақыттан бері жалғасып жатқан соғысқа Тәжікстанда туып-өскен қанша әскер қатысып жатқаны белгісіз. Содан бері орыс армиясында қызмет еткен ондаған тегі тәжік жауынгердің қаза болғаны расталды.

Жақында украин басылымдары соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскерилердің тізімін жариялаған. Онда Орталық Азия елдерінде туып-өскен 6 мыңға жақын жауынгер болса, олардың 100-і Тәжікстан тумасы екені белгілі болған.