27 ақп, 2022 сағат 23:44

Украинада қазір 4 автобус кептелісте тұр, әр автобуста 40-50 Қазақстан азаматы бар – Кәлетаев


Қазақстан азаматтары мінген 4 автобус Украина шекарасында тұр. Бұл туралы Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әскери әрекеттер ушығып бара жатыр, жолда кептеліс. Ертең Украина-Польша шекарасындағы босқындардың саны миллионға жетпек. Шекарадағы жағдайға келсек, қазір біздің 4 автобус кептелісте тұр. Әр автобуста 40-50 қазақстандық бар. Азаматтарымыз мінген бірінші автобус Польшаға жетті, үлкен автобус болғандықтан онда 80 адам болды», - деді Дархан Кәлетаев. 

Оның айтуынша, қазақстандықтар мінген 2 автобус шекараға таяп қалды. 

«Львов қаласынан Киевке тағы 2 автобус отандастарымыз жеткізілді. Олар шекара кезегінде тұр. Дипломатиялық бағыт бойынша тек дипломатиялық көліктерді ғана жіберіп жатыр. Полицейлердің қарауылдауымен қазақстандық дипломатиялық миссияның 8 автокөлігі өте алды. Ал қазақстандықтар мінген автобустарды бірге алып шығу мүмкін емес. Себебі дипломатиялық емес көліктерді қатаң тексеріп барып жібереді. Біз қазақстандықтарды шекараға жеткізу үшін нөмірі украиндық автобустарды жалдадық, оларды дипломатиялық бағыт бойынша шығармайды. Біз сонда елшілік қызметкерлерінің отбасын Украинада қалдырып кетуіміз керек пе?» - дейді ол. 

Елшінің мәліметінше, Украинадан дипломатиялық бағыт арқылы шыққан көліктің ішінде 25 елшілік қызметкерлері отбасының 25 мүшесі және 40 ел азаматы болған.