Украинада қалып қойған жүк көліктері Қарағандыға оралды
Украинада қалып қойған жеті жүк көлігі Қарағандыға оралды. Жүргізушілер ол жақта бір айдан астам уақыт болып, жасыл дәлізбен шыққан. Бұл туралы "Хабар 24" сюжетінде айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Роман Бушуев Украинада бір айдан астам уақыт болған қарағандылық жүргізушілердің бірі. Көлікте түнедік, азық-түлік қорымыз болды, деп еске алады жүргізуші.
"Жанармай мәселесі қиын болды, дизель отыны жоқ, азық-түлік алатын жер болмады, қайта өзімізде болғаны жақсы болды. Мен тек бір жарылысты естідім, басқа ештеңе көрмедім. Қорқынышты болды. Не болатыны, қалай болатыны белгісіз. Бір-бірімізді қолдап келдік. Анам, әйелім, қызым қатты қорықты", - дейді Роман Бушуев.
Жүк көліктері 3 жылдан бері Украинаға мырыш тасымалдайды. Тапсырысқа қарай кері ауылшаруашылығы техникасы немесе құрылыс материалдары тасымалданады. Жүргізушілердің елден кетуіне бір күн аздық етті, дейді көлік компаниясының басшысы.
"Олар Украинаның әртүрлі аймағында, кейбірі Днепрде, кейбірі Харьковте болды. Кейбіреулері - Бердянскіде. Нәтижесінде бәрін Днепрге жинадық. Украинадағы тасымалдаушылардың шұғыл тобы құрылды. Сол кезде Қазақстанның 50-ге жуық көлігі болған, оның 7-уі біздікі", - деді көлік компаниясының басшысы Станислав Смолихин.
Жедел топ құрамында Қазақстан Республикасының Украинадағы консулдары мен елшісі, Сыртқы істер министрлігі, Қарағанды облысының жолаушылар көлігі департаменті, көлік инспекциясы өкілдері болған. Бірге "Украина-Польша-Беларусь-Ресей-Қазақстан" жасыл дәлізі құрылған.
"Олар күнделікті қозғалысты, қайда, қай бағытта жүріп бара жатқанын хабарлап отырды. Қарағандыға аман-есен жетті", - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есентаев.
Тек Украинаның өзінде қазақстандық жүк тасушылар 4 күн жол жүрген.